Оқушылар әскери бөлімшеге арнайы барып, тыныс-тіршілігімен танысты. 7 мамыр Отан қорғаушылар күні қарсаңында Еңбекші ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен «Қарулы күштер – қауіпсіздік қазығы» атты мерекелік іс-шара өтті. Оған сала ардагерлері мен әскерилер және жас шәкірттер қатысып, мерекенің мән-маңызын айқындады.
Концерттік бағадарлама жас өреннің жігерін жанып, патриоттық сезімді ұштайтын әскери әуендермен басталды. Өз саласында өнімді қызмет атқарып, елеулі жетістікке жеткен тәртіп сақшылары, әскери қызметкерлер, прокурорлар мен төтеншеліктер марапатталып, аудан әкімінің алғыс хаты табысталды. Соның бірі – Шыңғысхан Кенжебекұлы. Ақиқатты ту етіп, әділдікті бетке алған алған прокурор: «Отанға адал, ынта-жігермен шынайы қызмет атқару әрбір тұлғаның азаматтық борышы», - дейді.
ШЫҢҒЫСХАН КЕНЖЕБЕКҰЛЫ, ЕҢБЕКШІ АУДАНЫ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ
– «Қадағалаушы орган болғандықтан заңның өстемділігін қадағалап жатырмыз. Еңбегіміз еленіп жатыр, алғысымыз шексіз.»
Оқушылар әскери базаны аралап, құрал-жабдықтармен танысты. Шекарашылардың киім үлгісін, олар қолданатын суық қару түрлерін ұстап көріп, сарбаздардың тыныс-тіршілігін сезінді.
НҰРДАУЛЕТ ЕСКЕРМЕС, ОҚУШЫ
«Бүгін алған әсеріміз ерекше. Бүгін біз қару-жарақ түрлерімен, әскерилердің киім-үлгісін көрдік. Бүгінгі күн мәңгілік жүрегімізде қалады деп ойлаймын.»
Байланыс бөлімінің бастығы, майор Ерлан Есмұрат шегарашының әр күні тәуекел мен ерлікке, қырағылық пен жедел әрекетке толы дейді. Сөзінше, бабалар аңсап, ынтызар болған егемендікті өміршең етіп, шашау шығармай кейінгіге аманаттау – сіз бен бізге ортақ міндет.
ЕРЛАН ЕСМҰРАТ, БАЙЛАНЫС БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ
– «Жаным арымның садағасы. Еліміз-жеріміз аман болсын. Біз осы жерге қызмет жасауға келгенбіз. Ер азмат ел үшін туады, елі үшін өледі демекші Біз осы шекара қызметінде қызмет атқарудамыз.» «Кез келген уақытта біз шегара шебіне шығып елді қорғауға дайынбыз.»
Отан қорғаудан қашқақтап, әскер десе ат тонын ала қашатындар бар. Жас өрен жасық, секемшіл болмағаны дұрыс. Сондықтан да өскелең шәкірт санасына отансүйгіштік дәнін егіп, әскери өмірмен таныстырған жөн. Осылай деген аудан әкімдігі іс-шараны ұйымдастырудағы басты мақсат оқушыларға отан қорғаушылар жайында ақпарат беріп, тыныс-тіршілігімен таныстыру дейді.
ДОСБОЛ ЕСІЛБЕК, ЕҢБЕКШІ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
– «Осы ағалары сияқты отан үшін отқа түс күймейсің дейді. Сондай тәрбиелік мақсатта ұйымдастырып отырмыз.»
Іс-шара соңы оқушылардың аға буынға сауал жолдап, ақыл кеңес тыңдауымен түйінделді.