Шымкентте 2024 жылы 153 жеке сот орындаушысы заңбұзушылық жасағаны анықталып, оларға қатысты 300-ден астам тәртіптік іс қозғалды. Нәтижесінде алты сот орындаушысы лицензиясынан айырылды. Бұл туралы Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында өткен жиында белгілі болды.
Анықталған бұзушылықтар қатарында борышкерлерге алдын ала хабар берілмей шоттардың бұғатталуы, қарыздан асатын сомалардың өндіріліп алынуы сияқты заңға қайшы әрекеттер бар. 162 сот орындаушысының 153-і заң талаптарын бұзған. Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа биыл олардың әрекеттеріне қатысты 74 әкімшілік іс түсіп, көпшілігі бойынша шешім шығарылған. Барлығы 304 тәртіптік жаза қолданылған: 130 ескерту, 112 сөгіс, 62 қатаң сөгіс берілген. Прокуратураның араласуымен былтыр екі мыңнан астам кәсіпкердің құқығы қорғалып, 281 іс бойынша шамамен 20 миллион теңге көлеміндегі айыппұлдар алынып тасталды. Сонымен қатар 12 адам тәртіптік, ал екеуі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазіргі уақытта тағы жүздеген іс қаралып жатыр. Прокуратураның мәліметінше, мыңнан астам бизнес субъектісінің құқықтары бұзылған. Осыған байланысты шаралар қолданылып жатқанымен, сот орындаушылар жүйесіне деген қоғамдық сенім әлсіреп отыр.