Бір мектептің 19 оқушысы жол мамандығын таңдады. «Жұмысшы мамандықтар» жылына орай атқарылған профоринтациялық жұмыс жемісін бере бастады. Жолшы мамандығына қызығушылық танытқандар Сайрам ауданындағы Абылайхан атындағы № 93 мектеп оқушылары. Оларға «Ұлттық сапа орталығы» Түркістан филиалының мамандары зертхана жұмысымен таныстырып, жол құрылысына қолданылатын материалдарға қалай сараптама жасалатынын көрсетті.


Нұрдаулет Иманбай мектеп бітіргеннен кейін білімін жоғарғы оқу орнында шыңдауға ниетті. Болашақта қандай мамандық иесі болатынын да біледі. Ұлттық сапа орталығының жұмысымен танысқан ол, жол құрылысымен айналысуды жөн деп тапқан. Биыл Алматыға аттанып, құрылыс факультетіне құжатын тапсырмақшы.


НҰРДАУЛЕТ ИМАНБАЙ, БІТІРУШІ ТҮЛЕК

 Осындан алдын жолқұрылысына ешқандай қызығушылығым жоқ еді. Осы зертханаға келіп экскурсиядан кейін қызығушылығым артып отыр. Осы мамандыққа түсетін мақсатым бар. Басынан бастап инжинер таңдап жатқам негізі. Қайсысына түсетінімді білмей жүргенмін. Енді өз мақсатым бар енді осыған түсемін деген қызығушылығым артып, жол құрлыс деген осы мамандардың арқасында көп нәрсе біліптүсемін деген ойым бар.


Жол инфрақұрылымын дамыту ортақ міндет. Жылдан жылға жол салу, жөндеу жұмыстары артқанымен, істейтін маман тапшы. Кадр жетіспеушілігін жою мақсатында былтырдан бастап «Көлік құрылысы» мамандығы «Құрылыс» факультеттерінде бөлек оқытылатын болды. Оған жылда 700-ден астам грант бөлінеді.


ҚАЙРАТ ШАКИРОВ, «ЖОЛ АКТИВТЕРІ САПАСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» РМК ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ

 Жолшы мамандығы қазіргітаңда тапшы. Бұл көлік инфрақұрылымдарының жол сапасына әсер ететін тікелей фактор болып табылады. Елімізде жыл сайын 10 мың шақырым жол салынып жатыр. Соның сапасын тексеретін сапа орталығы жұмысын ақарып келе жатыр. Соның аясында ТО Сайрам ауданы №93 орта мектептің оқушылары жол саласына қызығушылық тудырып бүгін кәсіптік бағдар беру жұмысын жүргізіп жатырмыз. Зертханамен толық таныстыру жұмысы жүргізіліп, сондай-ақ арнайы Форд диагностика жасайтын машинамызбен жұмыстар толық түсіндіріп көрсетіп жатыр.


 Бейіндік пән ретінде математика мен физиканы таңдап, ҰБТ-дан 50 балл жинаған кез-келген талапкер «Автомобиль жолдары және аэродромдар құрылысы», «Көпірлер мен туннельдер құрылысы» мамандығына тапсыра алады. Бұл оқу бағдарламасы еліміздің 8 жоғары оқу орнында бар.