"Көңіл толқыны", "Боздақ", "Ақжарма", "Ақ жауын", "Ұлы дала" шығармаларының авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, дәулескер күйші Секен Тұрысбеков биыл 64 жаста! Естігенді елітіп, тыңдағанды таңдандыратын композициялар ел аумағынан бөлек, алыс-жақын шет елдерге де тарап, халық ықыласын иеленді. Кісі жүрегін елжіретіп, көңіл толқытатын туындылар қалай жазылды? Қайталанбас күйдің құпиясы неде? Автордың өз ауызынан есітейік.


Әр күйдің өз тағдыры, сүрлеу-соқпағы бар. Мәселен «Көңіл толқынын» күйші үш бірдей перзентінен айырылып, қайғыдан қан жұтып отырғанда жазған. Құса болып жүрген композитор бірде Мәскеудегі дүниежүзілік студенттер фестивальіне барады. Орманды алқапта ұйымдастырылған кеш көңілді, мамыражай өтіп жатқан. Жастар жағы ән салып, би билейді. Ал қам көңіл автор думанды ортадан шетке ауып, оқшауда ойға батады. Кенет аспан күркіреп, нөсер төгеді. Табиғат құбылысы күйші көңілімен үндесіп, шыңыраудағы шабытын қозғайды.


СЕКЕН ТҰРЫСБЕКОВ, КҮЙШІ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ӘРТІСІ

 – «Алдыма шағын көлшік пайда болған. Соған түскен жаңбырың тамшысы маған ырғақ болып келді.» «Бұрқанып жатқан табиғат сеніменен үндес болып, сондағы талас, сондағы бұрғанған дүние құлағыңа әкеп құйғандай сол әуенді, ырғақты.» 


Ән айта алмаған абалайды, домбыра тарта алмаған сабалайды. Күй өнеріне қайталанбас қолтаңбасын қалдырып, халық ықыласын арқалаған композитор ізінен ерген жас буын шығармашылығын ұдайы бақылайтынын айтады.


СЕКЕН ТҰРЫСБЕКОВ, КҮЙШІ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ӘРТІСІ

 – «Мен әркез айтамын. Домбырашылар аз емес, күйшілер көп емес.» – «Қазіргі жастарға қарап отырсаң домбыра арқалап бара жатқанын көріп өзің де арқаланасың. Бірақ оларға бағыт-бағдар беру керек. Күй өте киелі ұғым.» 


 Секен Тұрысбеков мерейтой аясында еліміздің бірнеше қаласын аралап, шығармашылық концерт берді. Шымшаһарға келген сапарында күй өнерін қадірлеп, кие тұтатын ағайын автор иығына шапан жауып, ықылас танытты.