Саакашвили деген текті естісеңіз бірден оның грузин азаматы екенін аңғарасыз. Сол секілді Ковеленконың украин, Левондовскийдің поляк, Бенналидің итальян екенін тегіндегі сол ұлтқа ғана тән жұрнақ пен жалғауы айғақтайды. Ал бізде ше? -Ов, -ев, -ова, -ева жалғауларын -ұлы, -қызы деген ұлттық сипатқа көшіре алдық па? АХАТ бөлімі ұсынған статистикаға сүйенсек жыл басынан бері 1248 шымкенттік аты-жөніне түзету енгізіп, -ов, -ева жалғауларын алып тастаған. Бірақ құжаттағы екі әріпті өзгерту не сызып тастау ұзақ уақытқа созылмай ма? Ал атыңызды өзгерту қиындық тудырмай ма? Бұл үдеріс қалай жүреді? Қанат Жолдасбек зерттеп көрді.
Еркінбек Сейтмағамбеттің пікірінше жат жұрнақтан арылып, тегін қазақиландыру – азаматтың ұлттық кодты нығайтуға қосқан үлесі. Сондықтан ол құрбы-құрдас, дос-жараңды тегін түзеп, -ов, -ев жалғауларынан арылуға шақырады.
ЕРКІНБЕК СЕЙТМАГАМБЕТ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
– Сакашвили деген есімді естісек бірден оның грузин екенін білеміз. Ал Келини болса демек ол Итальян. «Мен достарымды, замандастарды тектегі ова-ева жалғауларынан арылуға шақырамын.» «Сол арқылы әлемдік аренада кімнің қандай ұлт екенін біле аламыз.» «Отанды сүюді, патриоттықты осыдан бастау керек деп ойлаймын.»
Қазақстанда туған сәбидің тегін ата-анасы қалауынша жаздыра алады. Яғни, -ов, -ев деп қалдыра ма әлде -ұлы, -қызы деп бекіте ме – ата-ана құзырында. Ұлттық статистика бюросы ұсынған мәліметке сүйенсек, соңғы 2 жылда дүние есігін ашқан ұлты қазақ сәбилердің 85 пайызында -ов, -ев, -ова, -ева жалғаулары жоқ. Егер азамат тегіне түзету жасағысы келсе халыққа қызмет орталығына жүгіну қажет. Үдеріс бір апта көлемінде аяқталып, мәселе шешімін табады.
ДАНА БАЙЖҰМАТОВА, ТҰРАН АУДАНДЫҚ АХАТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
– «Қазақстанда туған барлық азаматтар күнінде, Қалыбеков болса Қалымбет болып өзгерту үшін ХҚО-ға келіп, 1932 теңге төлеп, жаңадан туу туралы куәлік алуы керек.»
Ал алыс-жақын шетелдерде дүниеге келген азаматқа қатысты процесс 1 айдан 3 айға дейін созылуы мүмкін. Мұндай жағдайда мамандар өтінім берушінің деректерін туу туралы куәлік алған мемлекет базасына жіберіп, анықтама беруін талап етеді. Процесс ұзақ күттіруі мүмкін.
ДАНА БАЙЖҰМАТОВА, ТҰРАН АУДАНДЫҚ АХАТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
– «Біз олардың туған жерлеріне сұраныс хат жібереміз. Жауап 2 айда, 2,5 айда.. Қашан келеді сол кезде біз оның куәлігіне өзгерту енгіземіз.»
Абдуллах Эркинов тегін емес есімін өзгертуді қалаған. Оның өзіндік себептері бар. Сөзінше, достары мен туыстары оны Шахрух деп емес, Абдуллах деп атайды. Сондықтан қолданыстағы есімін құжат-қағаз негізінде бекітіп, өзгертуді қалаған. Ол үшін халыққа қызмет көрсету орталығына келіп, керекті анықтамаларды ұсыныпты. Әзірге туу туралы куәлігін өзгеркен азамат бірер апта көлемінде жеке куәлігін де жаңғыртуды көздеп отыр.
АБДУЛЛАХ ЭРКИНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
– «Менің бұрынғы есімім Эркинов Шахрух болатын. Қазір Абдуллах деген есімге ауыстырдым. Өйткені туыстарым бірәз уақыттан бері мені осылай деп атайды.» «Бүгін қажетті құжаттарды жолдадық, жақын арадан нәтижесі шығуы қажет.» «Процес нормально. Уақыт керек.» «10 балдық шкаламен баға берер болса 7-8 бал берер едім»
Есіміне не тегіне өзгеріс енгізіп, куәлігін жаңғыртқандар басқа да құжат-қағаздарды қайта жинақтауға міндетті ме? Ескі куәліктер күшін жойып, жарамсыз болып қалмай ма? Бөлім басшысының айтуынша, мұндайда азамат диплом, меншік құжаттары, сертификат сынды тағы басқа да деректер базасын өзгертіп әуреленбейді. Жеке куәліктің жанына өзгеріс жайынан хабар беретін анықтама ұсынады. Десе де мұндайда өзгертуді талап ететін құжаттар да бар. Мамандар тиісті азаматқа оның тізімін ұсынып, түзету жолдарын да көрсетеді.