Түркістан обысында қысқы спортпен кәсіби айналысуға мүмкіндік жасалды. Облыс орталығында Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында заманауи «Мұз сарайы» пайдалануға берілді.
Нысанының ашылуына Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, спорт жанашырларын құттықтады. «Түркістандықтар осы қысқы спорт түрлерін жақсы меңгеріп, алдағы өтетін республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізеді деген үміттемін. Жаңа спорт кешені баршамызға құтты болсын. Осы спорт кешенінен мықты спортшылар шығып, қасиетті Түркістанды барша әлемге таныта берсін», – деді Дархан Сатыбалды.
Шараға сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, 2014 жылы Сочиде өткен қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Теннің анасы Оксана Тен қатысып, түркістандықтарға жылы лебіздерін арнады.
Мұз сарайының ашылу рәсімінде Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан келген мәнерлеп сырғанау спорты шеберлерінің көрсетілімі көпшілік назарына ұсынылды. Шайбалы хоккейден Қызылорда қаласының «Қайсар» және Шымкенттің «Тұран» жасөспірімдер командаларының арасындағы жолдастық кездесуі өтті. Ал, Мұз сарайының директорының міндетін атқарушы Данияр Исабаев кешенде қандай спорт түрлерімен шұғылдануға болатынын айтты.
Айта кетейік, 1200 орындық Мұз сарайы 2 га аумақта орналасқан. Мұз сарайында қысқы спортты дамытуға барлық жағдай жасалған. Екі қабатты спорт нысанында шорт-трек, мәнерлеп сырғанау және хоккей секілді спорт түрлерін дамыту көзделген. Керекті құрал-жабдықтар арнайы Италия, Канада, Финляндия елдерінен тапсырыспен алынған.