«Жастар» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау аяқталды. Өткен жұма база жабылып, 3 күнде 5 мыңнан аса азаматтан құжат келіп түскен. 881-і өз өтінімін қайтарып алған екен. Себебі, жұмысшы жастар бағдарламасында ньюанс көп. Арендалық пәтер алғандар тұрғын үй кезегінен автоматты түрде шығарылады. Бұл бағдарлама кімге, қалай тиімді болды?
Әріптесіміз Ұлжан Дадан 21 жаста. Жұмысы, табысы мен мүмкіндіктері бағдарлама талаптарына сай болғандықтан, қатысуға ниет білдірген. Бірінші күні-ақ алдын ала жиналған құжаттарын «kezekte.kz» платформасына енгізіпті. Жинаған баллы – орташа деңгей. Үмітін үзбейді, жауабын тағатсыздана күтіп жүр.
Шымкент қаласында 35 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастарға арналған бағдарлама бойынша өткен конкурсқа 5 387 өтінім түскен. Бүгіннен бастап, мамандар порталдағы барлық қағазды тексеріп, қарап шығады. «Жастар» бағдарламасына өтінім қабылдау 8 қараша күні 9:00-ден 10 қарашада 19:00-ге дейін жүргізілді. Ал жауабының қашан шығары әлі белгісіз болып тұр.
Айта кетейік, биыл бағдарлама шарттары бұрынғыдан өзгерек болды. 29 емес 35-ке дейінгі жастар қатысуға мүмкіндік алды. Бірнеше кезеңге бөлініп емес, 888 пәтер бірден ойнатылды. 2 жыл тұрақты тіркеу мерзімі 3 жылға көбейді. Оның үстіне, айлық табыс бұрын бір отбасыныкі есептелсе, биыл құжат тапсырған азаматтың өзінің ғана табысы ескерілетін болды. Алайда, бұл үміткер жастардың санының азаюына ықпал ете қойған жоқ.