М. Әуезов атындағы ОҚ Зерттеу университетінің  80 жылдық мерейлі мерекесі аясында білім ордасының ғимаратынан бірқатар аудиториялар мен зертханалар ашылды. Жаңа орталықтар жас ұрпаққа білім нәрін тереңірек сіңіруге септігін тигізбек. Лек-лек құттықтау лебіздерін арқалай келген зиялы қауым өкілдері, академиктер мен ардагерлер қауымы білім ордасының жаңаша бастамаларына сәттілік тілеп, ақ баталарын берді. Шара соңы Түркістан сарайында мерекелік концертке ұласты.

AUEZOV UNIVERSITY - 80 ЖЫЛ: БІРҚАТАР ОРТАЛЫҚТАР АШЫЛДЫ

Бұл - «Химиялық өндіріс процестері мен аппараттарын модельдеу» зертханасы. Мұнда автоматтандырылған жүйемен жұмыс жасау мүмкіндігі кең. Оқу ордасының  жанынан құрылған тамақ биотехнологиясы мамандығы бойынша білім алатын студенттер өз қолдарымен жасаған дәмді астарын  ұсынды. Мұнда арнайы технологиялардың көмегімен нан, сүт, ет, кептілірілген жемістерді өңдеу мүмкіндігі бар.

Одан өзге университет қабырғасында  «Auezov REILEAP leather center» зертханасы пайдалануға берілді. Мұндағы басты мақсат докторанттар мен магистранттарға теріні өңдеу, былғарыдан жасалған бұйымдар мен аяқ киім материалдары саласында ғылыми зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беру. Сондай-ақ, бұл күні Университеттің бас ғимаратында білім ордасының түлегі, Ұлттық ғылым академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы   Мұрат Жұрыновың атындағы дәрісхана ашылды.  Мұнда келешегі мықты докторанттар мен магистранттар білім  нәрімен сусындамақ.

ТОРҚАЛЫ ТОЙ АЖАРЫ ТҮРКІСТАН САРАЙЫНДА АШЫЛА ТҮСТІ

Торқалы тойдың кульминациясы – Түркістан сарайында жалғасты. Мұнда еңбегі ескерілген бірқатар ұстазға ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков алғыс хаттар мен төсбелгі табыс етті.

Қарашаңырақ университеттің тағылымды тойына келгендер шат-шадыман күй кешті. Өйткені, мерекелік шара өте жоғары, халықаралық деңгейде ұйымдастырылған. Зерттеу университеті статусына ие болған оқу ордасының мерейлі датасын атап өтуге отандық ғалымдармен қатар, шетелдік профессорлар да қатысты.

РАЕ КВОН ЧУНГ, Академиктер және Корра мүшесі, Нобель сыйлығының лауреаты
- Әуезов университетінде климаттық орталықтың ашылғанына биыл бір жылдан астам уақыт өтіпті. Осы мерзім ішінде білім ордасының ғалымдарымен бірлескен жобаларымыз жемісін бере бастады. Әсіресе, жасыл экономика бағытындағы жұмыстарымыз жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Өз кезегімде 80 жылдық тарихы бар осынау білім ордасының ұжымын шын жүректен мерейтоймен құттықтаймын. Біз әлі де талай жобаларды жүзеге асырып, зерттеу университетінің білім биігіндегі шыңдарын бағындырамыз деп ойлаймын.

Салтанатты кешті белгілі актерлар  Әділ Ахметов пен Әйгерім Үзенбаева жүргізді.  Шара барысында көрермен назарына «Бірегей білім ордасы» атты бейнефильм – ұсынылып, көпшілікті тәнті етті. Концерттік бағдарлама соңында университеттің 1978 жылғы түлегі Ескендір Хасанғалиевтің ұлы  Біржан Хасанғалиев «Атамекен» әнін орындап, жиналған қауымға асқақ рух сыйлады.