Әзіл-сықақ және сатира театры көрермендер тарапынан жоғары сұранысқа ие қойылымның   бірі М.Мақатаевтың «Есіңе мені алғайсың» атты поэтикалық драмасын ұсынды. Қойылымда ақынның өмірінен  алынған үзік сырлар баяндалып, қоғамнан көрген қиянаты мен жан күйзелісі бейнеленді.

Сатира театрында драмалық қойылымдар бірінші рет емес,бұған дейін де көрермен талғамына сай  түрлі  қойылымдар сахналанып келеді. Бүгінде кәсіби  әртістердің қатысуымен аталған қойылымда автордың болмыс-бітімін, жан сарайын ашып көрсететін толғанысқа толы өлең-жырлар бейнеленді. Туындыда Мұқағали Мақатаевтың рөлін сатира театрының актері Мырзабай Шабданов сомдады.

Театрға келген жастардың қарасы көп. Қойылымды бір деммен көрген көрермен поэтикалық кештен алған әсері ерекше екендігін айтады.

 Елімізде алғашқылардың бірі болып құрылған сатира театрында бүгінде 80-нен астам кәсіби әртістер жұмыс жасайды. Алдағы уақытта театр ұжымы көрермендеріне арнап түрлі драмалық,сатиралық қойылымдар дайындап жатыр екен.

Мамандардың айтуынша  қойылым қоюдағы басты мақсаттың бірі : Мұқағали  Мақатаевтың шығармашылығы мен қатар  өткен өмірімен таныстыру, сондай-ақ  ақынның  отты өлеңдерін жас ұрпақтың жадында сақтау.