Түркістан облысында тұрғындарды ауыз сумен қамту жұмыстары қарқынды. Бұл бағытта биыл 66 нысанның құрылысына бюджеттен қажетті қаржы қаралған. Аталған мәселе мен өңірдегі өзге де түйткілдер кезекті апталық мәжілісіте талқыланды. Жиынға жауапты басқарма басшылары мен мамандар қатысты. Облыс әкімі ауыз су кезек күттірмейтін проблема екендігін айтып, жауаптыларға тұрғындардың қолайлы өмір сүруі үшін барлық мүмкіндікті пайдалануды тапсырды.


Биыл облыста 38 су құбыры іске қосылады, 28 нысанның құрылыс жұмыстары 2026 жылға өтпелі. Сонымен қатар 30 елді мекенге жаңа су құбырлары жетіп, тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартудан өтеді. Бұл бағытта арнайы мониторинг жүргізіледі. Облыста ауыз сумен жабдықтау қызметтерімен 17 су беруші мекеме айналысады.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Ауыз су кестемен берілетін елді мекендердің мәселесін жан-жақты пысықтап, шешу жолдарын қарастыруды және жыл соңына дейін жоспарланған 38 елді мекендерді ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз ету қажет. Құрылыс жұмыстарының барысына күнделікті мониторинг жүргізіп, апта сайын мәлімет енгізіңіздер.


Бүгінде елді мекендерге барлау жұмыстары жүргізіліп, арнайы индикаторлар енгізілді. Мердігер мекемелермен келісімшарт орнатылып, құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Атап айтқанда Ордабасы, Қазығұрт, Бәйдібек, Сарыағаш, Келес аудандарын ауыз сумен толық қамту шаралары жан-жақты зерделеніп, бірнеше аудандарда су нысандарының құрылысы аяқталса, кейбірінде ұңғыманы бұрғылау жұмыстары жалғасып жатыр.


 Осыған дейін 215 елді мекен жоспарға енгізіліп, оның 86 елді мекенінде ауыз су мәселесі шешілген еді. Биыл облыс көлемінде 129-ында кестеге сай ауыз су беріліп жатыр. Соның ішінде 68 елді мекендегі оқшау су жүйелері аудан, қала әкімдіктерінің меншігінде болса, 61-індегі топтық су жүйелері министрлікке қарасты «Қазсушар» РМК-ның теңгерімінде. Биыл жоспарға сәйкес, 24 елді мекенге тәулік бойы су жеткізу жоспарланып отыр. Қалған 20-сына үздіксіз ауыз сумен қамту шаралары келесі жылы атқарылады.