«Үкімет жеке деректерді қолданатын барлық коммуникацияны ұлттық мессенджерге көшіру мәселесін пысықтауы керек».


Жасанды интеллектіні дамыту мәселелері жөнінде кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Әрі үлгі ретінде отандық Aitu мессенджерін ұсынды. «Ол тиісті қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз ете алады» деді. Мемлекет басшысы жыл басынан бері деректердің қолды болуына байланысты 40-тан астам факті тіркелгенін де айтты. Мұндай инциденттер құзыреттердің дұрыс бөлінбеуі мен шашыраңқылығы салдарынан болып жатқанын атап өтті.


ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ

 Киберқауіпсіздік – ұлттық маңызы бар басымдық. Бұл салада кімнің неге жауапты екені нақты көрсетілген бірыңғай басқару жүйесі және заманауи база болуға тиіс. Осы орайда Президент Әкімшілігіне Қауіпсіздік кеңесімен бірлесіп 1 ай ішінде ақпараттық қауіпсіздік саласындағы міндеттер мен өкілеттіктерді қайта бөлу туралы ұсыныстар енгізуді тапсырамын