Түркістанда да Хәкім ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, рухани мұралары насихатталды. Бүгінде өңір аумағында Абай есімімен аталатын бір ауылдық округ, 4 елді мекен, 110 көше, 15 мектеп бар. Сондай-ақ ұлы ақынның құрметіне 9 ескерткіш, 11 бюст орнатылған. Ағартушының мерей тойы облыстың барлық аудан-қалаларында кең көлемде тойланды.


Басты шара Түркістанда ұйымдастырылды. Жиында данышпанның өлеңдері оқылып, әндері шырқалды. Кітапхана ұжымдары ауқымды кітап көрмесін жасақтап, тұрғындар назарына ұсынды. Алғы сөз алған облыс басшысы ақжолтай жаңалығымен бөлісті. Сөзінше, мерейтой аясында түркістандықтар Абай еліне ауқымды тарту жасайды.


 НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

– «Бұл күн тек бір күндік шара емес. Ұлы ақынның еңбектерін насихаттайтын айтулы күн.»  «Акция аясында Түркістан облысының атынан ақынның туып өскен жеріне заманауи көрме орталығын салып беруді жоспарлап отырмыз.»  «Бұл Абай тойынының барша қазаққа ортақ екенінің айқын дәлелі.» 


 Зиялы қауым өкілдері данышпан жайында құнды пікір айтып, келушілерге Хәкім еңбектерін дәріптеді. Ол қаузаған тақырыптардың әлі де өзекті екенін алға тартып, мән-маңызын айшықтады.


ЖЕҢІСБЕК МӘУЛЕНҚҰЛОВ, АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ

– «Ол өз халқын білімге, ғылымға үндей отырып, қасиетті, асыл дүниелерін халқына берді.» «Ол кісінің философиялық ой толғанысы әлі де өзекті деп айтсақ болады.» 


 Мерейтой аясында облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің белсенді жастарымен кездесіп, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» кітабын таратты. Туындыны әр азамат оқып, бағыт-бағдар алуы қажет деген облыс басшысы жас өренге сәттілік тіледі. Табысталған 180 кітаптан жергілікті тұрғындар да құр алақан қалған жоқ.