Асар-2 шағын ауданында Отбасы банктің 14-ші кеңес беру орталығы ашылды. Салтанатты түрде лентасы қиылып, жұмысын бастаған бөлімше енді елді мекен тұрғындарына ипотекалық бағдарламаларды түсіндіріп, жан-жақты кеңес алуға мүмкіндік береді.


«Отбасы банк» ұсынған үй алу бағдарламалары көмегімен былтыр 5 мың, биыл 3 мың жанұя баспаналы болған. Соның бірі – Ержан Махамбеталиұлы. 43 жастағы азамат 3 жыл бойы тұрғын үй жинағына ақша салып, алғашқы жарнаға қаражат жиған. Нәтижесінде 3 баланың әкесі биыл «50 де 50» бағдарламасы көмегімен 2 бөлмелі үйге қол жеткізіп отыр.


 ЕРЖАН МАХАМБЕТАЛИҰЛЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ

– «3 балам бар. Құдай қаласа оларға да счет ашып, ақша жинасам ба деп отырмын.» «Отбасы банке алғысым шексіз, басқаларға да осындай үй бұйыра берсін.» 


 Іс-шарада жаңа орталықтың лентасы қиылып, таныстырылымы өтті. Дәурен Саудабаевтың айтуынша, «Отбасы банк» өз тұтынушыларына онлайн және оффлайн форматта қызмет көрсетуге дайын. Егер азамат өзіне қажетті мәліметті маманмен жүздесе отырып анықтауды қаласа, өзіне жақын орналасқан 14 орталықтың біріне жүгіне алады.


ДӘУРЕН САУДАБАЕВ, «ОТБАСЫ БАНК» АҚ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

«Бұл жерде тұрғындар депозит ашып, несие алуға өтінім бере алады. Кезек жайында жан-жақты ақпарат алып, барлық бағдарламаларға қатысты сұрақтарына жауап табуға мүмкіндігі бар.»