«Отбасы» мен «неке» – бәрімізге таныс әрі маңызды ұғымдар. Алайда бақытты отбасы болу үшін не қажет? Махаббат па, сыйластық па, әлде ортақ мақсат па? Осы және өзге де сауалдарға жауап іздеген Шымкент қаласының жастары А.С. Пушкин атындағы кітапханада бас қосты. Іс-шараны қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастырды.
РАУАН ҚЫПШАҚБАЕВ, ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
Мақсатымыз жастарды осы уақыттан бастап, Отбасының не екеніне, маңызы не екеніне түсінік беру. Жалпы ақпарат беру жастарға.
«Отбасы және неке» атты танымдық кездесудің негізгі қонақтары – «Мерейлі отбасы – 2025» байқауының жеңімпаздары Нұрғали Нұртаев пен Әсия Әбдіхалыққызы болды. Олар ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық, сенім мен өзара түсіністіктің – берік отбасының негізі екенін атап өтті. Сондай-ақ жастық шақтағы қиындықтарды қалай бірге еңсергендері жөнінде шынайы әңгіме өрбітті. Балаларды тәрбиелеудегі ата-ананың рөлі, бір-біріне қолдау білдіру мен ортақ мақсатқа ұмтылу жолындағы тәжірибелері жастар үшін өмірлік сабаққа айналды.
ӘСИЯ НҰРТАЕВА, «МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ – 2025» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ
Отбасындағы бақыттың құпиясы бір-бірімізді тыңдау. Орындау. Құрметтеу. Сыйлау. Біз оларға үлгі болуға тырысамыз, олар бізге үлгі болуға тырысады. Олардан кейінгі немере, шөберелер соны орындайды.
Кездесу соңында қатысушылар көкейдегі сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Көпшілігі бұл әңгімелердің жүрегіне жеткенін, отбасыға деген көзқарасын өзгертетінін жасырмады. Айта кетейік, мұндай жүздесулер тек әңгіме емес болашаққа салынған мықты іргетас. Өйткені бүгінгі жастардың қолында ертеңгі елдің тағдыры, ал берік отбасы сол тағдырдың кепілі.