Түркістанда қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған көркем сазды кеш өтті. Іс-шара «Этноауыл» кешенінде ұйымдастырылып, «Желсіз түнде жарық ай» деп аталды.
Кеш шымылдығы мәдениет үйінің «Яссы» фольклорлық ансамблінің орындауындағы Абайдың «Торжорға» және Құрманғазының «Сарыарқа» күйлерімен түрілді. Көрерменге ақын өмірінен поэтикалық қойылым ұсынылды.
Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Қабдырұлы ұлы ойшылдың өмір жолы мен шығармашылығына тоқталды. Ақын Ұлжалғас Сүлейменова арнау өлеңін оқып, «Қазына» әжелер ансамблі Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін орындады. Сонымен қатар ұлттық киім үлгілері көрсетіліп, ән мен би ұсынылды.
ҚАДЫРБОЛАТ ҚАБДЫРҰЛЫ, МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ, ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен этноауыл аймағында Абай атамыздың 180 жылдық мерейтойына арналған концерттік бағдарлама ұйымдастырылып жатыр. Мақсатымыз Абай атамыздың кейінгі ұрпаққа қалдырған әндері бар, ұлағат сөздерін кең көлемде насихаттау. Сонымен қатар туристерге, қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлау.
Кешке қала тұрғындары, арнайы қонақтар және Түркістанға келген туристер қатысты.
Абай мұрасы ұлт рухының биік шыңы. Оның сөзі мен ойы ғасырлар бойы құндылығын жоғалтпайтын асыл қазына.