Көмір жағып, күл шығарып келген Қарабастаулықтар енді көгілдір отынның рақатын көреді. Тұрғын алаптағы 1408 абониент табиғи газға қол жеткізді. Газ қосу рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысып, азаматтардың қуанышына ортақтасты.
Табиғи газға алғашқылардың бірі болып қосылған Мерей Сыдықовтың шаңырағына қала басшысы арнайы келді. Қуанышымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Ауылдан қалаға көшіп, жаңа үйге қоныс аударған ол бұған дейін газ балонын қолданып келгенін айтады.
МЕРЕЙ СЫДЫҚОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
– «Мемлекеттік газ келіп жатыр. Қуанып жатырмыз. Асфальт, су, бәрі өз уақытымен рет-ретімен келіп жатыр. Міне, бірінші абениенттері болып қосылып алдық»
Іс-шара барысында «Қазақ газ аймақ» мекемесі Ғабит Әбдімәжитұлына жылжымалы «Пергам» зертаханасын таныстырды. Алып көлік көше-аймақты кезіп жүріп өзіндегі соңғы технологиялар көмегімен газ ақаулықтарын анықтайды. Авто құрылғы жер үсті қатерінен бастап, көзге көрінбейтін жер асты бұзылыстарын да таба алады. Жер сілкініп, ондағы газ құбырлары жарылар болса техника бірден дабыл қағып, ескерту жасайды.
ЕРМЕК ҚАЛДЫҒҰЛОВ, АО QAZAQ GAZ AIMAQ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ШЫМКЕНТТЕГІ ФИЛИАЛ ДИРЕКТОРЫ
«Жер сілкінісінен кейін жер астындағы газ құбырлары зақымдануы мүмкін. Сол кезде газ жер астымен жақын тұрған үйлерге баруы мүмкін. Ол жарылыс жағдайына әкелуі мүмкін. Соның алдын алу үшін мұндай құрылғы өте қажет.»
Жаңа көлік заманауи, соңғы технологиялармен жабдықталған. Еліміз бойынша шымкенттік мамандар көлікті алғаш пайдаланып, сынақтан өткізіп жатыр. Сарапшылар озық технология сала ісіне серпін беріп, жұмысын жетілдіре түсетінін айтады. Газ ақауын уақыт оздырмай анықтап, оны жедел жөңдеуге мүмкіндік береді.