Киелі шаһарда мемлекеттік қызметшілердің рухани дамуына бағытталған ерекше жоба іске асып жатыр. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастамасымен және облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының қолдауымен облыстық басқармалар үйіндегі «Ашық әкімдік» кеңсесінде жылжымалы кітап пункті жұмыс істеп келеді. Мақсат – мемлекеттік қызметшілер арасында кітап оқу мәдениетін дамыту, зияткерлік және рухани өсуге қолдау көрсету.


 «Ашық әкімдік» кітапханасының сөрелерінде бүгінгі таңда үш мыңнан астам кітап жатыр. Бұл тек қағаз парақтарынан құралған жинақ емес, әрбір кітап – мотивацияның шырағы, психологияның айнасы, тарихтың айғағы, әрі көркем шығармалардың ғажайып әлемі. Мұнда әр сөз – тұлғаның дамуына ашылған жаңа есік, рухани өсуге бастаған жол.


МЕЙРАМГҮЛ БАЙТҰРСЫНОВА, КІТАПХАНАШЫ

Ашық әкімдік» кітапханасы 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап жұмыс істеп келеді. Басты мақсатымыз – мемлекеттік қызметкерлер арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, рухани дамуға үлес қосу. Сонымен қатар, оқырмандар қатарын арттыруға да ерекше көңіл бөлеміз.


Мұнда оқырмандар үшін жайлы әрі қолайлы орта жасақталған. Мемлекеттік қызметшілер өздеріне ұнаған шығарманы кітапханашымен ақылдаса отырып таңдай алады. Егер қажетті автордың оқулығы қорда болмаса, оны облыстық кітапханадан алдыруға мүмкіндік қарастырылған.


 ЕЛБАСЫ ЫДЫРЫСҰЛЫ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ

Мұнда мемлекеттік қызметшілер үшін кітап оқуға барлық жағдай жасалған. Оқырмандар кітапханашымен ақылдасып, өздеріне ұнаған кітапты таңдай алады. Ал кітап қорда болмаса, оны орталық кітапханадан алдыру мүмкіндігі де қарастырылған


 Кітапхана – күнделікті тіршіліктің қарбаласынан бір сәтке болса да бас алып, ойға шомып, тынығуға арналған алаң. Кітапханашылардың айтуынша, соңғы уақытта мемлекеттік қызметшілердің кітап оқуға деген қызығушылығы айтарлықтай өскен. Бірі өмірлік мотивация іздесе, енді бірі тарихтың терең сырларын тануға ұмтылады. Бірақ барлығының арманы ортақ – терең білім алып, кемел тұлғаға жету.