Соңғы жылдары шылым өнімдеріне балама нұсқа ретінде электронды темекілер кең тарап жатыр. Мұның зардабынан хабарсыз жастар оны зиянсыз, қауіпсіз деп санайды. Бірақ, тыныс алу жолдарын зақымдап, бронхит, астма секілді ауыруларға душар ететін өнім аса зиянды болып табылады. Жас ақындар осы мәселені жырға қосып, оның зиянды тұстарын сынға алды.


Жас буынды ақпараттандырып, никотинге деген тәуелділіктің алдын алу үшін облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті «Вейпке қарсы жастардың таңдауы» атты ақындар айтысын ұйымдастырды. Отырар ауданында өткен сайыста от ауызды ақындар жас буынға үлгі көрсетіп, жат әрекеттің зиянын жіпке тізіп айтты.


 Айтыс алдында Орырар ауданы әкімдігі автивімен кездесу өтті. Онда аймақтағы құқық бұзушылық, әлеуметтік даму, қоғамдық өзгерістер сынды өзекті мәселелер талқыланды. Аудан әкімінің орынбасарлары баяндама жасап, тұрғындарды жылдың алғашқы жартысында атқарылған жұмыстар жайынан хабардар етті. Сондай-ақ алқалы жиынға облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Темірболатұлы да арнайы сөз сөйлеп, көкейтесті сауалдарға жауап береді.


Айтысқа Түркістан, Сарыағаш және Қазығұрт аудандарынан Нұрдәулет Өмірбек, Мейіржан Жақыпов, Шахмардан Бекарысұлы, Дәурен Полатбаев және Мұқаметхан Исламхан сынды жас ақындар қатысады. Айтыс қорытындысы бойынша қатысушылар мен жеңімпаздар арнайы алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.