Елімізде отбасылық зорлық-зомбылық фактілері 1,5 пайызға азайған. Бұл – әр өңірде жұмыс істеп жатқан арнайы орталықтардың нәтижелі еңбегінің жемісі. Мәселен, Шымкент қаласындағы «Отбасын қолдау орталығы» күн сайын 40-қа жуық азаматқа тегін құқықтық және психологиялық кеңес береді. Басты міндет – шаңырақтағы жанжалдардың алдын алып, азаматтарға рухани көмек көрсету.
«Отбасын қолдау орталығы» кейінгі жеті айда аз қамтылған және көпбалалы, өмірлік қиын жағдайдағы 6500-дей азаматқа көмек берген. Оларға 10 мыңға жуық қызмет түрін көрсеткен. Орталық арнайы модель арқылы арыз қабылдау құқығына ие.
АБИБУЛЛА ҚАЛЫМБЕТ, ОТБАСЫН ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Біздің мақсатымыз – отбасыдағы әрбір адамның құқығы мен қауіпсіздігін қорғау. Зорлық-зомбылыққа жол бермеу – тек заңгерлердің емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Біз мұндай жағдайдың алдын алу үшін ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, көмек қажет адамдарға қолдау көрсетеміз.
Орталықтан 4 айда денсаулық сақтау, білім беру және пробациялық қызметтегі 200-дей азамат кеңес алған. 552 адам арнайы оқытудан өткен. Отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты 460 азаматқа психологиялық көмек көрсетілген.
ГУЛЬФАЙРУЗ МЫРЗАЛИЕВА, ЗАҢГЕР
Орталықта заңдық кенес береміз. Мұндай жағдайда үндемей қалмау – өте маңызды. Әрбір азамат өзінің құқығын қорғауға және көмек сұрауға құқылы. Біз заң аясында көмек көрсетуге, қорғану жолдарын түсіндіруге әрқашан дайынбыз.
Орталыққа жүгінген отбасыларға тек психологиялық, құқықтық көмек берілмейді. Мұнда отбасы мүшелері арнайы оқытудан да өтеді. Сондай-ақ бақытты жанұя құру бағытында түрлі кеңес беріледі. Мәселен кейбір баспанасыз отбасы мүшелері осы орталықтан кеңес алу арқылы тұрғын үйге қол жеткізген.