Шымкенттегі білім беру мекемелеріндегі құрылыс барысын «AMANAT» партиясының Партиялық бақылау комиссиясы тексерді. Олар №19 мектеп ғимаратының құрылысы кестеден айтарлықтай кешігіп жатқанын сынға алды. Ал №97 «Ақмарал» балабақшасында жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Мердігерлер оқу жылы басталғанға дейін бәрін аяқтауға уәде беріп отыр. Кестеден кешіккен құрылыс, салынған айыппұл және уәде етілген мерзім – тілші материалында.
№19 Ө.Жәнібеков атындағы мектептің жаңа ғимараты 325 оқушыға арналған. Құрылысы биыл қаңтарда басталған. Алайда желтоқсанда тапсырылуы тиіс жоба едәуір кешеуілдеп жатыр. Қазірге дейін жұмыстардың 6 пайызы ғана орындалған.
Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері құрылыс қарқынына алаңдаулы. Бас мердігерге екі рет – әрқайсысы 1,5 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған.
НАРГИЗА КЕРІМБАЕВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы бойынша «AMANAT» партиясы филиалының төрағасы ретінде №19 мектепке іссапар жасадық. Өкінішке қарай, жүргізіліп жатқан жұмысқа көңіліміз толмайды. Қазіргі таңда құрылыс жұмысының орындалуы небәрі 6% ғана. Нысанның жалпы дайындығы да сол деңгейде. Бас мердігер бұған дейін екі рет, әрқайсысы 1,5 миллион теңгеден айыппұл төлегенімен, құрылыс орнында нақты өзгеріс жоқ.
ЖАНАЙ ӘБДІҒАПАР, УЧАСКЕ БАСШЫСЫ
Мердігер ұйым өкілдері жұмыс кестесінен кешігу барын ашық мойындап, негізгі себеп ретінде шұңқыр қазу жұмыстарының ұзаққа созылғанын алға тартты. Сонымен қатар, қалған жұмыстарды жеделдетіп, желтоқсан айына дейін толық аяқтауға уәде берді.
Комиссия мүшелері одан әрі №97 «Ақмарал» балабақшасына да ат басын бұрды. 1983 жылы салынған нысан 290 балаға арналған. Мұнда күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
БАҚЫТЖАН ПОЗИЛОВ, МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ
Оқу жылының басталуына бір ай қалды. Осыған байланысты “AMANAT” партиясы Шымкент қаласындағы балабақшалардың жағдайын тексеріп, жөндеу жұмыстарының барысын бақылауда. Көбінде сыртқы жұмыстары аяқталмаған, ескертулер де аз емес. Партия мүшелері кемшіліктерді атап, жауаптыларға нақты тапсырмалар беруде.
Комиссия тарапынан сапа, мерзім және жауапкершілік мәселелері қатаң бақылауға алынып отыр. “AMANAT” партиясы алдағы уақытта да бұл жұмыстарды жүйелі түрде бақылауда ұстайды. Басты мақсат – балалардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім мен тәрбие алуына жағдай жасау. Ол үшін құрылыс сапалы әрі дер кезінде аяқталуы тиіс. Партиялық бақылау алдағы уақытта да жалғасады.