Шымкенттегі 13 кәсіпорын 90 жұмысшыға 133 млн теңге қарыз. Жалақысын уақытында ала-алмай сан соққан қызметкерлер мекеме басшылығына наразы. Бұл туралы мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің мегаполистегі департамент басшысы Жеңіс Мақұлбаев мәлімдеді.


 ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ

Еңбек инспекциясының мәліметінше, жыл басынан бері жалақы қарыздарын өндіру бойынша 60 ұйғарым шығарылып, 42 әкімшілік айыппұл салынған. Соның нәтижесінде 60 кәсіпорыннан 60,4 миллион теңге өндіріліп, 170 қызметкер өзіне тиесілі жалақысын алған. Айта кету керек, жалпы берешек сомасы 133 млн теңгені құрайды, оның 102 миллионы – банкроттық және оңалту рәсімдеріндегі 8 кәсіпорынға тиесілі. Бұл жалпы қарыздың 77 пайызына тең. Аталған ұйымдар қызметкерлері алдындағы міндеттемелерін әлі күнге дейін орындамаған.


ЖЕҢІС МАҚҰЛБАЕВ, МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ

 – «Бұл көрсеткіштер өкінішке қарай жыл басыннан бері сол күйінде қозғалмай тұр. Бұл жөнінде әріптестерімізбен ақылдасып отырмыз. Мүкін тағы да қосымша шаралар қабылдайтын боламыз өзара.» 


ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ

Биыл жұмыс орнында 13 азамат жазатайым оқиғаға ұшырап, төртеуі қаза тапқан. Тағы 9 қызметкер ауыр дене жарақатын алған. Мамандар бұл жағдайларды еңбек қауіпсіздігі талаптарының жұмыс беруші тарапынан тиісінше сақталмауымен және қызметкерлердің қауіпсіздік ережелеріне немқұрайды қарауымен байланыстырып отыр. Қазіргі таңда тиісті органдар тарапынан тексеріс жүргізіліп, қауіпсіздік талаптарын күшейтуге бағытталған шаралар қолға алынып отыр.


ЖЕҢІС МАҚҰЛБАЕВ, МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ

– «Құрылыс саласында 3, өнідіріс саласында 3, комуналдық қызметте 3, жалпы қызмет салсында 3 және көлік саласында 1 оқиға орын алған. Барлық оқиғалар бойынша департамент еңбек кодексі аясында тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп, мән-жайын анықтап процестік шешім қабылдау үшін қылмыстық қудалау органдарына жібердік.»


ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ

Баспасөз отырысы әрі қарай сұрақ жауап форматында жалғасып, департамент басшысы БАҚ өкілдерінің қойған сауалдарына жауап берді.