Шымкенттіктер Абай күнін кең көлемде атап өтті. Әуелі қала билігі мен тұрғындар данышпан ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Хәкім музейін аралап, ондағы экспонаттармен танысты. Мерекелік шара әрі қарай "Абай әлемі" республикалық байқауына жалғасты. Жеңімпаз 1 млн теңге қанжығалады.


ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ

«Абай ескерткішіне гүл қойып, құрмет көрсету Шымкенттіктер үшін қалыптасқан дағды, айнымас әдет. Шаһар жұрты жыл он екі ай тас тұғырға тағзым жасап, айналасын күл-қоқыстан таза ұстайды. Жас өренді де ескерткішке ерте келіп, бойына "Толық адам" рухын сіңіреді. Жас та жасамыс та философ шығармаларын жатқа айтып, терең ойдың түбіріне үңіледі.»


Гүл қою рәсімінен соң мегаполис тұрғындары "Хәкім Абай" музейіне бас сұқты. Мұражайда ұлы ақынға қатысты мұрағаттық құжаттар, фотосуреттер, этнографиялық экспонаттар, кітаптар мен мерзімді басылымдар жинақталған.


ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ

«Мына үстел Абайдың шығармашылықпен айналысқан жұмыс орыны. Данышпан мұнда қолына қалам ұстап, құнды еңбектерін жазған. Экспонат Семей мұражайындағы түпнұсқаның көшірмесі. Бұдан бөлек музейде Абай ас ішкен астау, ойнаған тоғызқұмалақ та бар.»


ЖАНАР ШАМШИДИНҚЫЗЫ, МУЗЕЙ МЕҢГЕРУШІСІ

 – «50-ге жақын құнды жәдігеріміз бар. 771 кітаптарымыз бар. Абайды зерттеген ғалымдардың бірнеше кітаптары осы музейімізде сақталған.» 


 Велосипед тізгіндеген Хурсанд Шеров әлемді 4 айдан бері кезіп жүр. Шымкентке жол-жөнекей аялдаған саяхатшы Абай тойының үстінен түсті. Айтуынша, Өзбекстандық ағайын шайыр жырларын жатқа оқиды. Хәкім ойларын жас өренге дәріптеп, мысал етеді.


ХУРСАНД ШЕРОВ, САЯХАТШЫ

– «Мен Ташкенттегі Абай Құнанбаев көшесінде тұрамын. Үйім Қазақстан елшілігіне қарсы бетте орналасқан. Сондықтан да бұл елдің мәдениетіне, таным-түсінігіне құрметім ерекше. Сапарым Абай тойына дөп түскеніне өте қуаныштымын. Қазақ ағайын данышпан мұраларына өте жоғары деңгейде құрмет көрсетіп жатыр екен. Риза болдым!»


 Келушілер әрі қарай "Абай әлемі" байқауын тамашалады. Сайыстың іріктеу кезеңі онлайн өткен. Онда 100-ден аса қатысушы бақ сынады. Үміткерлер Хәкім өлеңдерін жатқа оқып, видео нұсқаны әлеуметтік желіге жүктеген. Ең көп лүпіл жинаған 26 қатысушы финалда өнер көрсетті.


 СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ

 – «Бұл өз кезегінде болашақта сапалы ұрпақ тәрбиелеу үшін Абайды білетін, Абайды танитын, Абаймен өмір сүретін ұрпақ қалыптастыру үшін керек дүние ғой деп ойлаймыз» 


Ақтық сында қатысушылар ұлы ақын шығармаларын жатқа оқып, сахналық қойылым көрсетті. Абай мұрасын зерттеп, тың жаңалық ұсынды. Қойылған сауалдарға жауап беріп, білім деңгейін сынға салды.


6506 әскери бөлімінің сарбазы Жұлдызбек Рамашов ақынның 50-ден аса өлеңін жатқа біледі. Сайыс жайында командирі құлағдар етіп, дайындық жасауға мүмкіндік берген.


ЖҰЛДЫЗБЕК РАМАШЕВ, САЙЫСҚА ҚАТЫСУШЫ

– «Дайындық 1,5 айдың көлемінде жүргізілді. Яғни, мені барлық кезекшіліктен босатып, жарысқа ерекше дайындады.»  «Біздің мынау жарысқа дайындалатын клубымыз бар. Сахынамыз бар. Сол сахнада қанша уақыт бойы дайындалып..»«Осы жарысқа дайындалып келген жайымыз бар.» 


Сайыс жеңімпазы 1 млн теңге қанжығалады. Жүлдеге ілікпеген қатысушылар да құр алақан қалған жоқ. Әрбіріне 150 мың теңге ынталандыру сыйақысы табысталды. Айта кетейік, ұлы ойшылдың құнды мұрасын дәріптеу мақсатында мұнан өзге де іргелі шаралар ұйымдастырылды. Он күндік жоспарға сәйкес, ақын ғұмырынан сырт шертетін көрме, концерттік бағдарлама, ақындар мүшәйралары мен театрландырылған қойылымдардар ұсынылды.