Шымкентте көлік инфрақұрылымын дамыту және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бағытындағы жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Олардың қатарында Изенді көшесін Юсупов көшесінен Төлеметов көшесіне дейін ұзарту жобасы бар. Жолдың жалпы ұзындығы – 1,9 шақырым.


 Қала билігінің мәлімдеуінше, жаңа учаскенің ашылуы Бәйдібек би даңғылы, Төлеметов көшесі мен А-2 айналма жолындағы көлік жүктемесін азайтуға бағытталған. Жоба аясында бірнеше көшеге күрделі жөндеу жүргізілді. Атап айтқанда, Шұбаркөл, Юсупов және Жаңақоныс көшелері жаңартылып, заманауи талаптарға сәйкестендірілді. Әсіресе Жаңақоныс көшесіндегі жұмыстар ауқымды болды – Қошқарата өзені үстінен ұзындығы 15 метр болатын жаңа көпір салынды. Құрылыс барысында жолдың қозғалыс бөлігі кеңейтіліп, жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар төселді. Сондай-ақ, көше жарығы, суағарлар, кіреберіс және шығаберіс жолдар ретке келтірілді. Барлық қажетті жол белгілері мен бағдаршамдар орнатылып, жол таңбалары толық сызылды. Мамандардың айтуынша, бұл өзгерістер қаладағы қозғалысқа оң әсер етіп, жүргізушілерге балама бағыттармен еркін қатынауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, орталық магистральдардағы көлік жүктемесі едәуір төмендейді. Жергілікті тұрғындар мен жүргізушілер үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған бұл жобалар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.