Шымкенттіктер сенбі кешінде «Шымкент цирк» өнер ұжымының шығармашылығын тегін тамашалады. Орталық саябақтағы концертте сайқымазақтың сергелдеңі мен акробаттардың өнері қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады. ҚР Конституциясының 30 жылдығына арналған ашық аспан астындағы шара — «Шым қала кештері» аясында қолға алынды.
Шымкенттің көрікті жерлерінде жаздың жайма-шуақ кештерін әсем әуен мен өнердің өрнегі безендіруде. Ашық аспан астында өтіп жатқан «Шымқала кештері» атты концерттік іс-шаралар апта сайын қала халқын қуанышқа бөлеп келеді.
СҰЛТАНХАН АМАНОВ, «ШЫМКЕНТ ЦИРК» МЕКЕМЕСІНІҢ ӘРТІСІ
Биыл екінші жыл халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында осындай жоба қолға алынған. Бұл қала халқына да қуаныш сыйлап отыр. Бір мезетте бірнеше саябақта қатар өтеді.
Кешкі самалмен бірге тараған әуен, сахнадағы түрлі өнер ұжымдары мен шығармашылық топтардың өнері көрермен көңілін көтеріп, ерекше әсер қалдырады. Ән мен күй, поэзия мен би тоғысқан бұл мәдени басқосулар шымкенттіктердің жазғы кешін шырайландыра түсті. Мұндай кештер күнделікті күйбең тіршіліктен алыстатып, рухани серпіліс сыйлайды. Балаларыммен бірге келіп, таза ауада, әуен тыңдап, театр тамашалау – үлкен ғанибет,-дейді қала тұрғындары.
МАДИНА ЕСБОЛҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Қала тұрғынымыз, жақын жерде тұрамыз, келіп, мына өнерпаздардың өнерін тамашалап жатырмыз. Қандай керемет. Мысалы циркке күнде бара бермейміз, цирк бізге келіп тұр.
Бұл күні Шым сити саябағында қалалық опера және балет театрының әртістері ашық аспан астында көрерменге классикалық туындыларды тарту етті. Кешкі самалмен астасқан нәзік әуен мен би қимылдары көрерменді өнердің сиқырлы әлеміне жетеледі. Осылайша «Шымқала кештері» – қаланың мәдени тынысын айқындайтын, өнер мен көрерменді жақындататын дәстүрлі мерекеге айналып келеді.