Ұлы Абай тек өлең жазып, ән шығарумен шектелмеген. Білім мен ақыл-ойдың кеніші 73 баптан тұратын «Қарамолла» ережесін жазып, заңды құжат әзірлеген. Онда салт-дәстүр мен тұрмыс-тіршіліктегі құқықбұзушылықтар жайы көрсетіліп, жаза түрлері бекітілген.


Дана Абай қара қылды-қақ жарып, мәселенің ақ-қарасын айырған. Даулы істерге төрелік айтып, қос тарапты бітістірген. Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ата заңның 30 жылдығына орай «Дүстүр – мәдениет мәйегі» атты іс-шара ұйымдастырып, қойылым сахналады. Онда Хәкімнің заңгерлік қыры көрсетілді.


БИБІНҰР ТӨЛЕГЕНОВА, ӘДЕТ-ҒҰРЫП ЖӘНЕ САЛТ-ДӘСТҮР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ КІШІ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ

 – «Абай заңгер. Біз соны танып-білдік. Қарамолла ережесі көп айтыла бермеген. Біз соны жеткізе алдық. Шыңына шықтып деп ойлаймын.»


 Шағын көріністе Абайдың даулы мәселеге төрелік айтып, шешім шығарғаны көрсетілді. Әуелі данышпан қос тарапты мұқият тыңдап, арыз-шағымды таразылайды. Содан кейін түйіткілдің түбірін танып, бір байламға келеді.


Нұрсұлтан Құралбеков – Абай рөлін сомдады. Сөзінше ол қойылымға ұзақ уақыт дайындалған. Шығармаларын оқып, еңбектерін зерттеген. Данышпанның рухын сезініп, болмысына бойлаған.


Іс-шарада қойылымнан бөлек көрерменге арнайы көрме ұсынылды. Онда салт-дәстүр сайрап, әдет-ғұрып жөні танытылған.