Түркістанда мұғалімдердің кәсіби дамуына арналған жаңа білім беру орталығы есігін айқара ашты. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Кәсіби даму институты енді оңтүстік өңір педагогтерінің біліктілігін арттырып, үздік тәжірибемен бөлісуге мүмкіндік береді. Жаңадан ашылған ғимарат заман талабына сай жабдықталған. Мұнда заманауи STEAM зертханасы, психология студиясы, коворкинг кабинеті және басқа да оқыту кеңістіктері бар. Институтта мұғалімдердің құзыреттілігін арттыруға бағытталған түрлі курстар мен әдістемелік шаралар ұйымдастырылады.


 Жаңа филиалдың лентасын Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев пен Жарқынбек Құлбайымбетов қиды. Келушілерге жаңа филиалдың оқу кеңістігі таныстырылып, алдағы жоспарлар жайы баяндалды.


 Жаңа ғимаратта ашылу салтанатымен қатар «Өрлеудің» тамыз конференциясы өтті. Биылғы басқосу «Педагогтың үздіксіз кәсіби дамуы: жаңа міндеттер және шешімдер» тақырыбын қаузады. Жиында білім саласын жетілдіру, жаңа деңгейге көтеру мәселелері сөз болып, нақты идеялар мен тәжірибелер талқыланды.


 Конференция аясында стратегиялық сессиялар, воркшоптар және арнайы топтық талқылаулар ұйымдастырылды. Қатысушылар еліміздің түрлі өңірлерінде тиімділігін дәлелдеген тәжірибелермен бөлісті. Іс-шараға офлайн форматта 120-дан астам маман қатысып, тағы 500-ге жуық «Өрлеу» өкілі онлайн режимде қосылды. Жиынға қатысушылардың айтуынша, жаңа филиалдың ашылуы – өңір мұғалімдерінің кәсіби дамуына арналған заманауи білім беру кеңістігін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.