Шымқала кеші көңілді. Шаһар тұрғындары жұмыстан соң бой сергітіп, саябақта отбасылық серуен құрады. Таза ауда тыныстап, салауатты өмір салтын ұстанады. Тұрғындардың көңілін көтеріп, думанды кеш сыйлау мақсатында мәдениет қызметкерлері ән салып, концерт ұйымдастырады.


Кезекті кеш Жеңіс саябағында өтті. Оған жүздеген тұрғын жиналды. Жергілікті әншілер мен өнер ұжымдары өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Классикалық музыкадан бастап, заманауи ырғақтарға дейін орындалған туындылар әр жанрды ұнататын тыңдарманның көңілінен шықты.


БЕКЗАТ СӘКЕНҰЛЫ, МӘДЕНИЕТ ҚЫЗМЕТКЕРІ

 – «Бұл бұрын-соңды болмаған жоба деп ойлаймын. Қала тұрғындарының көңіл-күйі өте тамаша. Біздің өнерпаздарды көріп, таза ауада ән тыңдап отырған қандай ғажап»


Шымқала кештері концерттік бағадарламасы сенбі-жексенбі күндері өтеді. Бір мезгілде шаһардың бес орынында қатар өткен іс-шара тұрғындардың бос уақытын тиімді пайдаланып, көңіл-күй сыйлау мақсатында ұйымдастырылған. Көңілді кеш Ата заңның 30 жылдығына орай ұйымдастырылып, өнерпаздар патриоттық тақырыптағы әндерді орындады.


ФАРХАД ӘУЕЛБЕКҰЛЫ, ӘНШІ, САЗГЕР

 – «Халық шоғырланатын жерлерде үлкен мерекелік концерттер өтіп жатыр. Бұл халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлаудың жақсы нышаны деп білемін.»


Шымкенттің кешкі өмірі енді тек серуенмен ғана емес, мәдени серпіліспен де есте қалмақ. Келесі концертті көрермен асыға күтуде.