Облыста 700-ге жуық үкіметтік емес ұйым тіркелген. Оның 33,4%-ы қалаларда болса, 66,6%-ы аудандарда орналасқан. Бұл деректер Түркістанда өткен «Әлеуметтік жауапкершілік пен қоғамдық белсенділік: Азаматтық қоғамның қозғаушы күші» атты ХII өңірлік азаматтық форумда айтылды. Жиын барысында «Түркістан облысының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар қауымдастығы нысанындағы бірлестік туралы «Елге еткен еңбек» атты кітаптың тұсаукесері өтіп, арнайы бейнеролик көрсетілді.
Ашық пікір алаңына еліміздің әр аймағынан үкіметтік емес ұйым өкілдері мен басқарма басшылары келді. Сонымен қатар, Қазақстанның Азаматтық Альянсының президенті мен аймақтық ұйым жетекшілері де форумға қатысты. Басқосудың негізгі тақырыбы – азаматтық қоғамның әлеуметтік жауапкершілік пен қоғамдық белсенділіктегі рөлі. Айтып өтейік, әкімдік азаматтық институттардың дамуына қолдау көрсетіп келеді.
Азаматтық форум – идеялар тоғысып, бастамалар қолдау табатын алаңға айналды. Іс-шара барысында түрлі бағыттағы панельдік сессиялар өтті. Қатысушылар азаматтық қоғамды дамытудағы орны мен маңызын қалыптастыру бағытындағы ой-пікір, ұсыныстарын ортаға салды.
Форум барысында азаматтық қоғамның мемлекеттік басқару жүйесіндегі алар орны мен ортақ мақсаттарға негізделген жобалар айтылып, жоспарлар пысықталды. Сондай-ақ мемлекеттік саясатты насихаттау, елдің ынтымағы мен бірлігін сақтауға үлес қосып жүрген үкіметтік емес ұйым өкілдері марапатталды.
Мемлекеттік құрылымдар мен үкіметтік емес ұйымдардың тиімді ынтымақтастығының арқасында өңірлік экономика даму қарқынын сақтап отыр. Түркістан облысы соңғы екі айда қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіштер бойынша республикада көш бастап келеді. Жыл басынан бері өсім 118 пайызға жетіп, өңір өндіріс көлемі бойынша алдыңғы орында. Өнеркәсіп өнімдері 723,3 млрд теңгені, ауыл шаруашылығы саласындағы табыс 253,9 млрд теңгені құрады.