«Қазақстан» телерадиокорпорациясы 10 веб-телеарнаны іске қосты. Халықаралық тәжірибеде мұндай жүйе FAST TV деп аталады және бүгінде Еуропа мен АҚШ-та кеңінен қолданылады. Басқарма төрайымы Ләззат Танысбайдың айтуынша, жобаның басты ерекшелігі – өндірістік тиімділігі мен цифрлық технологияларды оңтайлы пайдалануда.


Жаңа веб-телеарналар түрлі аудиторияның қызығушылығы мен сұранысына сай сапалы контент ұсынуға бағытталған. Негізгі мақсат – корпорацияның 67 жылдық бай мұрасын цифрлық кеңістікте кеңінен қолжетімді ету. Веб-телеарналардың жұмысы жасанды интеллекттің көмегімен ұйымдастырылып, техникалық процестер толықтай автоматтандырылған. Жыл сайын «Қазақстан» телерадиокорпорациясы құрамындағы 4 республикалық және 14 аймақтық арна түрлі жанрдағы медиаконтент өндіреді. Олардың қатарында телехикаялар мен анимациялық фильмдер, деректі жобалар, зияткерлік және ойын-сауық бағдарламалар, айтыстар, театр қойылымдары мен концерттер, спорттық трансляциялар бар. Осы контент жанр бойынша жүйеленіп, QAZTV веб-телеарналар тобына біріктірілді. Эфирдегі жобалармен қатар, веб-арналар кестесіне корпорацияның «Алтын қорында» сақталған бірегей бейнематериалдар да енген. Мысалы, 1979–1993 жылдары түсірілген Ілияс Есенберлин, Шыңғыс Айтматов, Ғабит Мүсірепов, Мұхтар Мағауин, Тұманбай Молдағалиев сынды көрнекті қайраткерлердің сұхбаттары мен әдеби бағдарламалары көрерменге қайта жол тартты. Сондай-ақ, «Qazaqstan Aitys» веб-арнасы арқылы соңғы 40 жылда өткен 500 сағаттан астам айтыс бейнежазбалары ұсынылған. Оның ішінде 1980 жылдардағы алғашқы телевизиялық айтыстар да бар. Барлық веб-телеарналар Smart TV, qazaqstan.tv, qaztv.kz сайттары және Qazaqstan.tv мобильді қосымшасы арқылы қолжетімді.