Түркістан облысында Қазақ-корей бірлескен білім ордасын ашу жоспарланып отыр. Бұл мақсатта Оңтүстік Кореяның жетекші оқу орындарының бірі Woosong университетінің басшылығымен келіссөздер жүргізілді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды бүгін шетелдік дегелациямен кездесіп, IT мамандығы бойынша студенттерді дайындайтын бірлескен оқу орнын ашу бойынша жан-жақты талқылады.

 70 жылдық тарихы бар халықаралық білім ошағының ғылыми орталығы Теджонгта орналасқан. Онда әлемнің 85 мемлекетінен келген 16 мыңнан астам бала білім алады. Ал профессорлық құрамы мың адамнан асады. Оқу барысын онлайн және офлайн платформада өткізеді. Оқу орны түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші бойынша Кореяда үздік үштікте екен. Өндіріске негізделген техникалық маман дайындайтын университетте 40-тан астам Қазақстаннан жас білім алады.  Оқу орнының саясаты мен мақсатын Woosong университетінің халықаралық мектебінің атқарушы деканы Ли Ю Тек түсіндірді. Сұранысқа ие мамандық таңдау оқу орнының берер мүмкіндіктерімен бөлісті.

Ли Ю Тек - Woosong университетінің халықаралық мектебінің атқарушы деканы
- Экскурция кезінде Қазақстан төрт нәрсенің, атап айтсақ қызғалдақ, алма, жылқы мен металлургияның отаны екені деп айтылды. Біздің Қазақ-кәріс ынтымақтастығымыз, осы тарихы терең Түркістаннан басталатынына қуаныштымыз.

 Жасанды интеллект, яғни адамның ойлау процесін компьютерлік жүйелермен модельдеу бойынша инновациялық зертханалар жұмыс істейді. Киберқауіпсіздік бойынша мамандарға сұраныс артқан. Түлектер басқару мен өндіріс саласын бірге меңгереді. Осы бағытта Түркістан өңіріне ыңғайластырып, ауыл шаруашылығындағы ақпараттық жүйелер саласын жетілдіруге күш салынбақ. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың білім сапасын арттыру үшін әлемдегі озық жоғары оқу орындарының филиалдарын елімізде ашуды тапсырғаны белгілі. Бұл ең алдымен білікті мамандарды оқытып шығаруға, жоғары технологияларды игеруге жол ашады.

 Пандемия кезінде ақпараттық жүйелер саласына қызығушылық арта түсті. Бұған қашықтан онлайн жұмыс істеу тәсілі де әсер етті. Көптеген компаниялар автоматтандыру жүйесіне көшіп жатқандықтан IT мамандарға деген қажеттілік артты. Сондықтан Түркістан облысындағы еңбек нарығында қандай мамандықтардың сұранысқа ие болатынын екіжақты зерттей келіп, жоғары оқу орнын ашу жоспарлануда.