«Бүгін менің туған күнім ой, бәле-ай, мына жұртым неге жатыр тойламай». Бұл өлең жолдарын білмейтін қазақ жоқ. Ғасыр ақыны атанған мұзбалақ Мұқағалидың туғанына биыл 93 жыл толады. Ел-елде, жер-жерде ақынның тойы атап өтіледі, түрлі мүшайра мен жарыстар ұйымдастырылады. Біз де тұлғаның өмірі мен шығармашылығын шолып, еске алсақ.
\Ақынның өлеңі өміршең. Нәзік лирикасы бүгінгі ұрпақтың да ұранына айналған. Жүректің әр күйін тербейтін сырға толы тылсым талант. Сондықтан болар, оның туған күні бүкіл қазақ поэзиясына ортақ мерекеге айналып кетті. Бозарып тұрған ақпанда жанға жылу сыйлап, аппақ қармен ақ ниет араласып жатады.
 Поэзияға ерекше екпін әкелген ақын тірісінде лайықта баға ала алмағанын жиі айтып жатады жұрт. Зиялы қауым да осы мәселені қозғап жатады. Оның үстіне, ақиықтың туған күніне қатысты деректер де екі ұшты. Туыстарының сөзінше ол 8 наурыз күні өмірге келген. Ал 9 ақпан – сайлауға байланысты Мұқағали Мақатаевтың өзі таңдап алған мерекесі.