Мемлекеттік рәміздер – Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы белгі.  Халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды дүние. Осы құндылықтар жайында зиялы қауым өкілдері не дейді? Тақырыпты тілші тарқатады .
1992 жылдың 4 маусымында Қазақстанның жаңа Мемлекеттік рәміздері туралы заң қабылданып, алғаш рет бекітілді. Бұл күн ел тарихында жаңа рәміздер күні ретінде мәңгі есте сақталады.
Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы тәуелсіздікті аңсады. Сол жолда талмай күресіп, тәуелсіздікке қолы жетті. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті рәміздерін де ерекше қадірлеп, қастерлеуіміз керек.
Отанға деген сүйіспеншілік, туған жерге деген құрмет қазақстандықтардың еңбекқорлығы мен патриотизміне тікелей байланысты. Өйткені  мемлекеттік таңбалар қазақ мәдениетінің жемісі, мазмұны мен мәні жөнінен келгенде татулық пен бейбітшілік тәрізді жалпы адамзаттық игіліктерге қызмет етуге бағытталған және Қазақстан азаматтарының барлық күш-жігерін Отан даңқын арттыруға, оның ерікті елдің бақыты мен гүлдене беруіне шақырған белгі.
Еліміздің ең басты байлығы – халықтың бірлігі. Осы баға жетпес байлықтың арқасында елімізде ынтымақтастық, тыныштық пен тұрақтылық қалыптасқан. Бүгінде қазақ жерінде 130-дан астам этнос өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп, ел игілігі жолында еңбек етуде. Мемлекеттік рәміздер қай елдің болса да ең басты қасиетті құндылығы саналады. ҚР Конституциясының 34-бабында: “Әркім Республиканың Мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті” деп жазылған. Елдігіміздің басты құндылықтары ретінде Елтаңба, Гимн және Туымызды құрметтеу, қорғау заңмен белгіленген.