Түркістан қаласында орналасқан «Балуан Шолақ» спорт кешенінде ақпанның 4-9 күндері бокстан жасөспірімдер арасында облыс чемпионаты аяқталды. Шаршы алаңдағы бокс бәсекесіне 2010-2011 жылы туылған және одан кіші жасөспірімдер қатысып, өзара қолғап түйістірді.
Апта бойы тартысты өткен кіші жасөспірімдер арасындағы боксшылар біріншілігіне өңіріміздің барлық аудандарымен қатар Түркістан, Кентау, Арыс қалаларынан келген 315 былғары қолғап шебері 15 салмақ дәрежесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтады. Облыстық чемпионатқа жұдырықты жігіттер жан-жақты дайындалып келген. Осындай тартысты жекпе-жектер жайында даңқты боксшы, әлем чемпионы «Түркістан кәсіпқой бокс клубының» директоры Қайрат Ералиев айтып, алдағы мақсатына тоқталды. Нәтижесінде 33 келіде бақ сынаған «Түркістан кәсіпқой бокс клубының» шәкірті Али Абдикамал жеңімпаз атанса, облыстық №5 олимпиадалық спорт мектебінің үміттері 35 келіде Аян Жандосұлы мен 37 келіде Аңсар Үсенхан, 40 келіде Жұмағали Нұрмахандар алтыннан алқа тақты. Ал 43 келіде Сарыағаш ауданының тумасы Рүстем Сапархан жеңімпаз деп танылды. Сонымен қатар, Жетісай ауданының түлектері 46 келіде Жалғас Аппаз бен 49 келіде Фирдауси Алмабек, 55 келіде Руслан Қалданбайлар жеңіс тұғырының биігінен көрінді. Шаршы алаңда жасындай жарқылдаған 52 келідегі Сарыағаш ауданының өрені Жандарбек Жорабайға тең келер қарсылас болмады. Ал 58 келіде Арыс қаласының өкілі Ақылжан Серікбай барлық қарсыласын тізе бүктірсе, 61 келіде «Түркістан кәсіпқой бокс клубының» ізбасарлары Бағлан Базарбек пен 64 келіде Исламхан Қаналбектер жасындай жарқыраса, 67 келіде Сайрамдық Ерасыл Қамбарбек топ жарды. Сондай-ақ, облыстық №5 олимпиадалық спорт мектебінің былғары қолғап шеберлері 70 келіде Ескендір Молдаш пен +70 келіде Жәдігер Мүсірәлілер өз салмақтарында мықтылықтарын дәлелдеді. Енді үздіктер аймақтық Қазақстан чемпионатына қатысады. Айтулы бокс додасында 40 келідегі Жұмағали Нұрмахан «Ең үздік боксшы» номинациясын иеленді. Аталған бокс бәсекесінің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Түркістан облысының бокс федерациясының президенті, облыстық мәслихатының депутаты Сұлтан Көшенов марапаттады. Үздіктерге арнайы тағайындалған белбеулер, медальдар және ағыс хаттар тапсырылды.