Өмірге келген сәби 4 күн ішінде туберкулезге қарсы екпені алуы керек. Одан бөлек белгілі бір жасқа толып, иммунитеті қалыптасқанша, түрлі вирустарды ағзасына ендіріп, оның иммунитетін шыңдайды. Бұл Қазақстан Республикасының екпелер күнтізбесі төңірегіндегі ережелер. Иә, ата-ананың өз еркінде, бірақ екпеден де қауіпті аурулар адам өмірін оңай жалмап кетуі ықтимал.

БЦЖ балаға перинаталды орталықта салынады. Себебі, Кохх таяқшалары кез-келген адамда болуы мүмкін. Ал бала ағзасы тым әлсіз. Сәбиді табиғи жолмен шыңдаудан бұрын, екпе арқылы антиденені ертерек қалыптастыра берген дұрыс дейді дәрігерлер. Бұл вирустардың асқынуы мен ушығуы өлімге дейін әкелуі мүмкін.

 Қазақстандық егу күнтізбесінде кейбір елдер қол жеткізе алмай отырған тегін вакциналар көп. Ең қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы екпе ішінде гепатит, коклюш, дифтерия, столбняк (сіреспе), гемофильді таяқша, қызылша, паротит, полиеомиелит, пневмококк, туберкулез секілді 19-20 ғасырларда талай адамның тажалына айналған вирустар бар. Ал қазіргі вакцинаның өндірушілері туралы мәліметті дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының сайтынан табуға болады.

Қазіргі уақытта вакцинация жүргізудің нәтижесінде А вирусты гепатиті, В вирусты гепатиті, қызамық, қызылша, эпидемиялық паротит аурулары азайып, соңғы бес жылда дифтерия тіркелмеген. Дегенмен, қазір сәбиіне вакцина салдырудан түрлі себеппен бас тартатын ата-аналардың көбейгені дәрігерлердің алаңдаушылығын тудырып отыр.