Белгілі жазушы, шежіреші Момбек Әбдіәкімұлының  екі томдық «Күн тұтылған мезет»  сондай-ақ, «Жаманқара батыр» атты  қос тарихи кітабының таныстырылымы өтті. Тұсаукесер рәсіміне  Шымкент қаласының  белгілі қаламгер ақындары мен  әдебиетсүйер қауым өкілдері  қатысты.

 Момбек Әбдіәкімұлы «Зобалаң», «Естемес би» сынды тарихи романдардың авторы. Қаламгер бұған дейін 10 жыл алдын «Күн тұтылған мезет»  кітабының алғашқы томын шығарса,  одан соң  толықтырып екінші бөлімін жазған. Шымкенттің әлімсақ заманнан күні бүгінге дейінгі тарихына тұтастай шолу жасала келе өткен ғасырларда қалада іске асқан барлық қадау-қадау тарихи оқиғалар молынан баяндалған. Кітап авторының айтуынша бұл оқулықта адам жанына азық болар көптеген тарихи деректер  жазылған.

 Шығармашылық кешке  қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек арнайы қатысып, ел руханиятына ерекше үлес қосып жүрген жазушыға жүрекжарды тілегін жеткізді.

Туған жердің шежірелі тарихы мен табиғатын,өңірлік тұлғалардың өмір жолдарын шығармаларына арқау етіп өз өлкесінің өткен күндерін  қолжазба ретінде  насихаттап жүрген Момбек Әбдәкімұлының  жазбаларына, ақын-жазушылар қазақ әдебиетінің кітап қоры тағы бір құнды еңбекпен толыққанын айтады. Сондай-ақ, оның бергі кезеңдердегі өсіп-өркендеуі мен даму жолы туралы толық мағлұматты көңілі ояу жастарға, ғалымдарға, жалпы оқырманға берері мол дейді әріптестері.

Рухани кеште тарихшының бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктері мен өткен өмірі баяндалып кинофильм көрсетілді. Сондай-ақ  кеш қонақтары түрлі марапаттар мен алғыс хаттар тарту етіп арнайы сый-кәде жасады.  Бүгінгі кешке арнайы келген қонақтың бірі жазушының сыныптасы Қалима Сүйгінбаева.Оның айтуынша  бала Момбек сыныпта зерек  әрі алғыр балалардың бірі болған.

Мәдени кеш соңында   қос кітаптың тұсауы кесіліп, тағылымы мол тарихи оқулық  кеш қонақтарына тарту етілді.