Шымкент қаласында шынайы оқиға желісімен түсірілген «Кәріс келін» фильмінің премьерасы өтті. Шекарасыз махаббат хикаясының тұсау кесу рәсіміне  фильмнің актерлық құрамы сондай-ақ, белгілі тұлғалар мен өнер жұлдыздары қатысты.

Тұсаукесерге келген көрерменнің қарасы қалың . Құрылғанына енді ғана 3 жыл толатын «TURKISTAN» телеарнасы былтыр алғашқы кинотуындысын түсірген болатын. Комедиялық мелодрама жанрындағы «Кәріс келін» фильмі өмірдегі шынайы оқиғаға негізделген.Кинокартина алғашында сериял ретінде түсірілсе, кейіннен бір сюжетті фильм болып көрерменге жол тартқан.

Фильмде Сәкен есімді түлкібастық жігіт пен Оңтүстік Кореялық Суджин Ли есімді қыздың арасындағы сырлы сезімге толы хикая баяндалады. Кореяда 5 жыл жұмыс істеген Сәкен 2023 жылы Суджин Лиді қарашаңырағына келін етіп түсірген. Бүгінде жас отбасы тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Кинода Суджин Лидің Қазақстанға келген алғашқы күндердегі басынан өткізген оқиғалары суреттелген. Бір қызығы  басты рөлді сомдайтын актриса кәріс тілін жетік білетін, қазақ қызы.

 Актерлық құрам Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тумалары  сомдаған. Сондай-ақ фильм Түркістан қаласы мен Төлеби ауданында бар болғаны 9 күнде түсірілген.

 Тырнақалды туынды — екі жастың махаббат оқиғасы арқылы отбасы құндылықтарын, қазақы дәстүрлерді насихаттау мақсатында түсірілген. Сонымен қатар, жаңарған Түркістан қаласы және Түркістан облысының табиғатын көрерменге кеңінен көрсету . Айта кетейік «Кәріс келін» фильмі 1-31 наурыз аралығында Түркістан мен Шымкент қаласының кинотеатрларында көрсетілетін болады.