1 наурыз Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күні. Шымкенттік ТЖД қызметкерлерінің биылғы ұраны  «Азаматтық қорғаныс қызметіндегі инновациялық технологиялар».  Биыл қандай шаралар жоспарланған?

 Көктемнің алғашқы күнінде Шымкентте тұрлі шаралар жоспарланған. Соның бірі  қала аумағы толығымен 7-8 балдық сейсмоқауіпті аймаққа жататындығын ескере отырып, бұл күні қала аумағында кең көлемде оқу жаттығу жұмыстары жүреді. Өткен жылдардың деректеріне сүйенсек соңғы бес жылда  қала аумағында 14 рет 2 балдан жоғары жер сілкінісі орын алған. Бұл ретте, зардап шеккен халық пен қираған ғимараттар тіркелмеген.

Аталған күнді жоғары деңгейде атап өтуге, қала тұрғындары мен қонақтарына Азаматтық қорғаныстың маңыздылығын жеткізу мақсатында, Шымкент қаласы әкімі Ғабит  Сыздықбековпен іс-шаралар жоспары бекітіліпті. Адамдар көп жиналатын объектілерде, мектептерде, әлеуметтік маңызы бар объектілерде санатталған ұйымдардың қызметкерлері мен тұрғындары арасында табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай туындаған кездегі іс-қимылдар бойынша жадынамалар, брошюралар таратылып, LED-мониторлар арқылы бейнероликтер көрсетілімі ұйымдастырылады.

Көктемгі жауын-шашын қала тұрғындарын әжептеуір әбігерге салады. Оқу-жаттығу аясында су тасқынының алдын алу секілді жаттығу жұмыстары да жүргізіледі. Басты мақсат шымкенттіктерді айтып келмейтін апатпен күресуге дайындау. Сақтықта қорлық жоқ.