Шымкенттегі көше атаулары көпті алаңдатып отыр. Себебі, әр геокартада әр түрлі атаумен сақталған. Мәселен, Түркістан көшесімен қиылысатын Тоқаев деп аталатын жол негізінде ақын, әдеби сыншы Ғабдулла Тоқайдың құрметіне қойылған. Осы сияқты түсінбеушілік көп. Бұл фактіні Мәдениет басқармасының басшысы да жоққа шығармады.

Ономастика мәселесі Шымкентте әлі шешілмей тұр. Көше атауларын қазақша айтып, жазбақ түгілі қате өріп жүреді. Одан бөлек, әр картада әр түрлі жазылғаны тағы бар. Тұрғындардың шағымы бойынша, бұл әсіресе, жедел жәрдем шақырған кезде әбігерге түсіреді. Мәдениет, тілдері дамыту және архивтер басқармасының басшысы бұл жөнінде нендей жұмыс атқарылып жатқанын мәлімдеп берді.

 Мәдениет басқармасы тек ән мен күйге емес, рухани құндылық пен ұлттық дәстүрге де ден қойып келеді. Даңғазалық пен даңғойлықты қойып, нағыз маңызы бар іс-шараларды ғана жоспарға ендіріп отыр. Соның ішінде домбыра күні мен Ш. Қалдаяқовқа арналған фестиваль да бар.

Айта кету керек, басқармаға қарасты 6 театр, 6 кітапхана, 3 орталық, цирк, архив, музей мекемесі, концерттік ұйым мен тарихи-мәдени кешен жұмыс істейді. Ондағы қызметкерлер саны 1 793 адам. 2023 жылы басқарманың негізгі индикаторлық 22 көрсеткіші бойынша 100 пайызға толық орындалған.