Қала көшелерінің жолдары сын көтермейтіндей жағдайға жетті. Былтыр төселген асфальт жылға жетпей жоқ болып кеткен көшелер де бар. Шымкент пен Тұран шағынауданын жалғайтын төте жолдан көлікпен жүру қиынға түсті дейді жүргізушілер. Қар мен жауын жауса техникалары  батпаққа бататындары тағы бар. Одан өзге жолдың жыртығы жыл сйын жамалса да, қыс ауасынан кейін тесіліп шығатынын көз көріп жүрген болар? Жолдар неге сын көтермей тұр? Сапасыз жұмысқа жауаптылар не айтады?

Нұрлан Пайзов, тілші
- Шаһар мен Тұран шағынауданын жалғайтын мына көшеде  асфальт жабындысы бір жыл бұрын төселіпті. Деседе қазір мұнда қара жолдың сау тамтығы қалмаған. Ал қарлы және жаңбырлы күндері бұл жерде автокөлікпен жүріп өту мүмкін емес дейді жүргізушілер.

Қала көшелері жыл сайын жөндеу көрсе де, әйтеуір жұртшылықтың көңіліне жамау болмай-ақ қойды. Сала мамандарының сапасыз жұмысы, жыл өтпей сыр беретіндігі тайға таңба басқандай ұрып тұр. Мәселен Қайтпас-1 шағынауданындағы Таңбалы тас көшесінің Тұранмен жалғайтын тұсынан адам түгілі көліктің өзі әрең өтеді.

Ал, транспорт басқармасының өкілдерінің айтуынша Тұран шағынауданына шығатын төте жол уақытша салынған. Ол жерге асфальт жабындысы емес, микросюрфейсинг жаңа технологиясы қолданылған. Оның өзіне әкімдіктің емес мердігер мекеменің қаржысы кетіпті. Бастапқыда көлік ағынының тығыз болатынын есепке алмаса керек, бір аяқ жол шыдас бермей жоқ болып кеткен. Мұны жауапты мамандар жүк көліктерінің жиі жүруімен байланыстырып отыр.

Жолдың жыртығы жыл сайын жамалады. Ол үшін қала бюджетінен миллиондап қаржы бөлінеді. Жауаптылар асфальттің ойылып кетуін қыс мезгілінен кейінгі болатын құбылыс дейді. Қазіргі таңда 300 көшеге зерделеу жұмысы жүргізіліп, наурыз айынан бастап 50 көшеде жамау жұмысы қолға алынады.   

 Басқарма өкілі жол жамау жұмысы алдымен Бәйдібек би, Қонаев, Ерімбетов, Ақпан батыр, Желтоқсан көшелерінде атқарылатынын айтты. Одан соң ішкі орам көшелер қалыпқа келтіріледі.