Өкінішке орай, қоғамда әйеліне қол көтеретін еркек кіндіктілердің қатары  көбейіп барады. Жанұядағы жанжалды жуан жұдырығымен шешуге үйреніп қалғандар, тіпті бала-шағасында көзге ілер емес. Кезекті рет өткен Үйлестіру кеңесінде айтылған сұмдық жағдайлар, қоғамның ашуын туғызғаны белгілі.

 Шымкентте жалпы қылмыс саны азайғанымен, кәмелетке толмағандарға жәбір көрсету жәйттері көбейген.  Оның ішінде зорлау фактісі - 6,3 пайызды құраса, есірткіге қатысты қылмыстар - 33,6 пайыз, жас баланы азғындық жолға түсіру дерегі -70 пайызға, ал, сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық - 14% өскен.

Өткен жылы азаптау жәйіті бойынша жалпы 17 арыз түсіп, тек 2 арыз бойынша ғана қылмыстық іс қозғалған. Осы орайда, 10 - ы  номенклатуралық іске жолданып, 2 арыз бойынша қылмыстық іске біріктіріліпті. Ал, 3 арыз тиісті тексеру жүргізу үшін жолданған екен. Мәселенің салдарымен емес, себебін анықтап, оны болдырмаудың жолын қарастырған жиынға қатысушылар тақырыпты жан-жақты талқылап, өз ұсыныс – пікірлерін білдірді.

Жиын қорытындысы бойынша қала прокуроры Ғабит Қасымбекұлы құқық қорғау және уәкілетті органдарға осы саладағы құқық бұзушылықтардың алддың алуға бір қатар тапсырмалар берді. Бұл бағытта агрессорларға қатысты тегін психологиялық көмек көрсетіліп, маман-психологтар ерлі-зайыптылардың жағымды бейнесін дәріптеуге, отбасылық құндылықтарды насихаттауға, ата-ана мен баланың қарым қатынасын нығайтуға бағытталатын болады. Сондай-ақ, білім ұйымдарына балалар арасында күйзелісте жүрген оқушыларды ерте бастан анықтау үшін ұстаздармен мен психологтардың жұмысын күшейту керектігі айтылды. Одан бөлек, азаматтарды қылмыстық іс жүргізу орбитасына заңсыз тартуға жол берілмеуі және азаптауға қарсы заңнамалық актілердің талаптары орындалуы тиіс екендігі атап өтілді. Профилактикаға бағытталған осы векторлар, шұғыл әрі тиімді түрде балаларды қорғауға, отбасылық қарым-қатынастарды нығайтуға өз себебін тигізеді деген ойдамыз.