Түркістанда «Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы» атауымен жаңа маусым ашылды. «Керуен сарай» туристік кешенінде ұйымдастырылған салтанатты іс-шараға облыс әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, қала тұрғындары мен мен қонақтарын  туристік маусымның ашылуымен құттықтады.

Жаңа туристік маусымының ашылу салтанатына орай  бірнеше іс-шара ұйымдастырылды. Алдымен келушілер Түркістан өңірінің туризм бағыты бойынша ақпараттық стендтермен танысып, қызықты мәліметтерге қанықты. Сонымен қатар ұлттық болмыс насихатталып, облыстың туристік әлеуеті көрсетілді. Атап айтқанда, қол күресі, гір тасын көтеру, кеуде тартылысы, тағы басқа ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, «Bauyrsak Fest» және «Қымыз ішу» ойын-сауық сайыстары ұйымдастырылды. Байқау жеңімпаздарына сертификаттар табысталып,одан бөлек ерекше шоу мен қызықты бағдарламадан бөлек суретке түсуге арналған креативті фотозоналар қарастырылған.

Облыстың өнер ұжымдары мен фольклорлық ансамбльдері, би топтары, цирк әртістері, Наурыз мейрамына арналған театрландырылған қойылымдар, ұлттық дәстүрді танытатын алып батырлар көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Қолөнершілер жәрмеңкесіне қазақы нақыштағы бұйымдар қойылып, отандық дизайнер А.Ташкенбайдың сән көрсетілімі ұсынылды. Бағдарлама «Fire Show» форматында отшашу шоуына ұласты. Айта кетейік 2023 жылы Түркістанда Түркі мемлекеттерінің туризм саласына жауапты министрлерінің отырысы өтіп, киелі қалаға «Түркі әлемінің 2024 жылғы туристік астанасы» мәртебесі берілген болатын. Алдағы уақытта осыған орай жыл бойы  түрлі іс-шаралар өтеді. Өңірде халықаралық деңгейде – 25, республикалық деңгейде – 23, облыстық деңгейде – 56, жалпы 100-ден астам іс-шара өткізу жоспарланып отыр.