Шымкентте құс фабрикасы іске қосылды. Кәсіпорын әлеуметтік маңызы бар тауар айналымын толықтырып, халықты арзан жұмыртқамен қамтиды. Құс фабрикасы еуропалық стандарттарға сай салынған. Жылына 72 миллион жұмыртқа шығарады.Бұл қала халқының өнімге сұранысының 42 пайызын қамтымақ.
5 гектар аумақты алып жатқан құс фабрикасына 75 адам жұмысқа тартылған. Басым бөлігі жергілікті тұрғындар. Кешен толық автоматтандырылған. Фабрикаға Ресейден 220 мың бас тауық балапаны әкелінген. Қазір құс тұқымы жетіліп, тәулігіне 110 мыңнан аса жұмыртқа бере бастады. Ел аумағынан қажетті жемі мен құнарлы азығын уақытылы жеткізу жағы пысықталды.
Шымкент тұрғындарының жұмыртқаға деген жылдық қажеттілігі 170 миллион дана шамасында. Сол себепті аймақтағы төрт бірдей құс фабрикасы да тұрақтандыру қорының айналымын реттеуге тартылады, дейді ауыл шаруашылығы басқармасындағылар.
Жаңа кәсіпорында 2026 жылға дейін өндірістің 2-кезеңі іске қосылады. Онда тауықтарға арналған 8 цех және оларды өсіруге арналған 1 цех салу жоспарланған. Сонымен қатар, тауық санын 660 мыңға жеткізу көзделіп отыр. Бұл өндіріс көлемін жылына 220 миллион жұмыртқаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бермек.