Соңғы жылдары елімізде саяхаттау кең көлемде насихатталып жатыр. Бірақ, демалудың бұл түрі кейде аздаған кедергілер туындатуы мүмкін. Шымкенттіктер визасыз қандай елдерге саятхаттай алады?
Кейбір елдерге саяхаттау үшін виза рәсімдеу талап етіледі. Бұл аса кедергі емес, бірақ аздап әуреге салады. Ал Шымкент азаматтары визасыз, ұлттық төлқұжатпен әлемнің 40 еліне бара алады. Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің сайтында ұсынылған ақпаратқа сәйкес, қазақстандық паспорт әлемнің 40-тан аса елінде емін-еркін жүруге мүмкіндік береді. Алайда, олардың тұрақтау уақытында шектеулер бар. 2023 жылдың қараша айынан бастап визасыз елдердің тізіміне Қытай мен Сейшел аралдары қосылған.
Қазіргі таңда шетелге саяхаттауға түрлі мүмкіндіктер қарастырылған. Өзге елге апарып, қыдыртып, бәрін жоспарлап беретін туристік агенттіктер де көп. Шымкенттіктер ең көп саяхаттайтын елдердің бірі - Өзбекстан. Көршілес өзбек еліне бару қала тұрғындарына визаны қажет етпейді. Сонымен қатар, 2024 жылы визасыз баруға болатын елдер саны да жарияланған еді. Албания, Әзірбайжан, Грузия, Ресей, Украина және Моңғолия сынды елдерге 90 күнге дейін жүруге рұқсат. Қазақстандықтар көп ағылатын БАӘ, Оңтүстік Корея, Түркия сияқты елдерде визасыз 30 күнге баруға болады. 2024 жылы саяхатқа шығуға болатын елдер қатарында Ресей мен Украина және Таяу Шығыс елдеріне саяси жағдайларына байланысты сұраныс азайған. Ал Тәжікстан, Қырғызстан сияқты бірқатар елдерге шетелге шығатын төлқұжат жасамай-ақ, ішкі куәлікпен баруға болады.