Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Түркістан қаласында Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның бесінші отырысы өтті. Іс-шара барысында алтыншы Орнықты даму мақсатын іске асыру аясында су ресурстарын үнемді пайдалану және санитария мәселелеріне қатысты проблемалар талқыланды. Сондай-ақ сенаторлар жергілікті мәслихат депутаттарымен және өңір жұртшылығымен кездесті.

Қазақстан үшін таза ауыз суға және сапалы санитарияға қолжетімділікті қамтамасыз ету маңызды мәселе екені белгілі. Қабылданған шаралардың нәтижесінде қол жеткізілген елеулі ілгерілеуге қарамастан, әлі де болса маңызды түйткілдер бар. Қазіргі таңда орталықтандырылған сумен жабдықтауға шамамен 400 мың адам қол жеткізе алмай отыр. Олардың жартысынан көбі ауылдық жерлерде тұрады. Сондай-ақ Сенат Төрағасы су сапасының нашарлауына, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозуына байланысты проблемалар да ерекше назар аударуды қажет ететінін айтты.

 Отырыс барысында трансшекаралық өзендерді пайдалануды реттейтін нақты тетіктердің әлі қалыптаспағаны туралы да сөз болды. Жасалған келісімдерге және бекітілген су беру кестелеріне қарамастан, еліміздегі кейбір облыстардың тиісті су көлемін ала алмауы жиі кездесетін жағдайға айналды. Осыған орай Парламентаралық комиссияның Төрағасы Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін кешенді тәсіл мен стратегиялық жоспар қажет екенін айтып, алдағы бірлескен жұмыстың басым бағыттарын белгілеп берді. Сонымен бірге Су ресурстары және ирригация министрі мен облыс басшысы баяндама жасады.

Отырыстың қорытындысы бойынша Парламенттік комиссия мемлекеттік органдарға алдағы бірлескен жұмысқа қатысты бірқатар ұсыным жолдады. Мәулен Әшімбаев олардың орындалу барысы жұртшылықтың және Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің бақылауында болатынын атап өтті. Сондай-ақ Парламентаралық комиссия аясындағы келесі кездесулерде де атқарылып жатқан жұмыстың тиімділігіне талдау жүргізілмек.