Шымкентте жылыжай шаруашылығын дамыту қолға алынып отыр. Осы мақсатында түркиялық компаниямен бірлесе 100 га аумаққа жылыжай салу жоспарлануда. Бұл туралы баспасөз брифингінде Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Мекамбаев мәлімдеді.

Түркиялық «Alarko Holding A.S.» компаниясымен бірлескен жоба қаладағы жылыжай кешендерін 239 га ұлғайтуға сеп болмақ. Оған қосымша 1 000 нан астам жұмыс орындары ашылады. Жиналатын өнім көлемі 30 мың тоннаға артады. Құрылыс жұмыстары үшін 30 пайыз шығыны мемлекет тарапынан субсидияланбақ. 1 гектарына 4 пен 8 миллион теңге аралығында мемлекеттік қолдау көрсетіледі

Қалада өткен жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 27,5 мың гектарды құраған. Биыл егістік жерлердің мақсаты құрылыс бағытына өзгеруіне байланысты 26,5 мың гектарға жетіп, 86,0 мың тонна өнім жинау күтілуде.

Жыл соңына дейін салада 16 миллиярд теңгені құрайтын 14 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған.Оның ішінде 3 көкөніс сақтау қоймасы, 3 тауарлы сүт фермасы, 2 сүтті қайта өңдеу цехы, 2 құс шаруашылығы, 1 мал азығы, 1 жеміс-көкөніс қайта өңдеу, 1 мал бордақылау алаңы, 1 жылыжай кешені бар.