Шымкентте қоғамдық көліктерге қатысты дау толастар емес. Тұрғындар жүргізушілердің әдепсіз әрекетінен мезі болған. Қолма-қол ақша сұрап, жолаушыларды ортаңғы есіктен түсірмейтін әрекеттері сейілмей тұр. Енді оқушылар автобуста тегін жүреді,-деген ақжолтай ақпараттан да шикілік шыға ма,-деген қауіп бар. Мәселеге баспасөз брифингісінде мамандар жауап берді.

Қазіргі уақытта Шымкент қаласына 77 тұрақты қалалық маршрут қызмет көрсетеді. Күн сайын маршруттарға 916 автобус шығады. Жеке меншік нысанындағы 11 компания жолаушыларды тасымалдау қызметін көрсетуде.

Пайдалану мерзімі 3 жылға дейінгі автобустар саны 890 автобус немесе 89% құрайды. Жалпы автобустар саны – 1120 болса, оның 640-ы газ метанмен, 444-і дизельмен және 36-сы бензинмен жүреді.Автобустар жаңарып, қызмет жанданғанымен, арыз-шағым азаймай тұр. Мамандар жүргізушілердің бей-берекет әрекетіне жолаушылар да кінәлі деп отыр.

Брифингте белгілі болғандай, кейде жүргізушілер оқушыларға тоқтамай кететін әрекеттер де жоқ емес. Енді мектеп оқушылары тегін тасымалданатын болса, бұл мәселе ушығып кетпеуін мамандар жіті қадағаламақ.

Айтып өтейік, 2020 жылы газ метанмен жүретін 590 жаңа автобус сатып алынды. Қазіргі уақытта барлық автобустар қалалық тұрақты маршруттарға тартылып, күнделікті тұрғындарды тасымалдауда. Ал жиында көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен оң шешімін табады.