Келер оқу жылында бірнеше мектепке буллингке қарсы жаңа бағдарлама енгізіледі. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында айтқан.

 Кешенді жоспар аясында Финляндияның буллингке қарсы «Kiva» бағдарламасын енгізу жоспарланып отыр. Жоба 110 мектепте пилот ретінде қолға алынады. Ол үшін «Назарбаев зияткерлік мектептерінде» 5 халықаралық сертификатталған жаттықтырушы даярланды. 8 мыңға жуық педагог және бағдарламаның 332 үйлестірушісі оқытылады. Бұл бағдарлама жаңа оқу жылынан бастап пилоттық режимде енгізілмек.  «Осы жоба аясында педагог-психолог тоқсан сайын әрбір сыныппен буллингке қарсы 1 сағаттан сабақ өткізеді» деп жазады вице-премьер.