Сенат депутаттары әйелдер мен балалар құқығын қорғауға қатысты Заңға өзгерісті екінші оқылымда қабылдады. Бұл жаңалық шамамен бір апта бұрын, желіні жайлап, көптің талқысына түсіп үлгерді. Қоғамның бір тобы көптен күткен қуаныш деп қуанса, екінші бөлігі түрлі уәж айтып, қарсылық білдіріп жатты. Ал нейтралды позицияда қалғандардың өз шындығы бар. Шымкенттегі қоғам белсенділері не дейді?

 «Қанмен келген Заң болды бұл». Қоғамның белсенді әйелдері осылай деп пікір білдірді. Оны қолдағандар да көп болды. Бұл құжат денсаулыққа қасақана зиян келтіргені үшін қарастырылған әкімшілік жазаны қылмыстық жауапкершілікке алмастырады. ҚР ҚК 98-3 бабы  қосылып отыр.

Сонымен қатар, бұл Заңда кәмелетке толмаған азаматтарды өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылып отыр. Педофильдерге де Заңнамадағы ең ауыр жаза – өмір бойына қамау көзделеді. Оларға жазаның басқа альтернативті түрлерін қолдану немесе алмастыру мүмкін емес.

16 жасқа толмағандарға сексуалды сипаттағы қылық көрсеткені үшін де жауапкершілік көзделіп отыр. Сонымен қатар, балаларды кедей отбасылардан тартып алады деген қауесеттер тарап жүр. Заңгерлер мұның миф екенін ескертіп, жалған ақпарат жарға жығатынын айтып отыр.