«Art Hub Amanat» орталығында «Бастаңғы» іс-шарасы өткізілді. Іс-шара аясында қазақ халқының дәстүрі дәріптеліп, қатысушыларға ұйқыашардан дәм татқызып, шығу тарихы мен дайындау жолдары түсіндірілді.

Қозы Көрпеш – Баян сұлу ғашықтар күні мерекесіне орай өткізілген бастаңғы кешіне жастар қауымы белсене атсалысты. Іс-шараның мақсаты - жас ұрпақтың бойында ұлттық өзіндік ерекшелік сезімін және өз тарихымыз бен мәдениетімізге деген сүйіспеншілікті арттыру. Бұрынғының ғашықтарын  табыстырған, ұмыт бола бастаған салтымыз «ұйқыашар», «селтеткізер» дәстүрлері қайта жаңғырып, жастар арасында дәріптелді.

 «Бастаңғы» - қазақ жастарының дәстүрлі сауықтарының бірі. Үйдің үлкендері жолаушылап кеткенде ауыл жастары сол үйге жиналып, бастаңғы жасайды.  Бұл отырыста қыз бен жігіт танысып, жарасып жатса үлкендердің батасымен отау құратын болған. Іс-шара аясында «Ұйқыашар» мен «Селт еткізер» дәстүрінен көрініс, мақал-мәтел, жұмбақ жасыру секілді қойылымдар өтті. Аталған іс-шараға «Шамшат көже» ұлттық тағамдар желісі қолдау көрсетті. Шамшат ханым осылай ұмыт болып жатқан дәстүрлердің қайта жанданып, кеңінен насихатталғанын қалайды.

Шараға келген қонақтар ұйымдастастырушыларға алғысын айтып, ұмыт болған салтымызды дәріптейтін шаралардың көптеп болуына тілегін білдірді. Қазақ әдебиетінде ежелден дәріптеп келе жатқан қос ғашық Қозы мен Баян күніне арналған іс шара осылайша жоғары деңгейде атап өтілді.