109 ситуациялық орталығынан көмек сұрайтындардың қатары артқан. Өткен жылдың өзінде орталық қызметкерлері 150 мыңнан астам арыз-шағымды қабылдап, оның 92 пайызына жауап қайтарған. Арасында сала мамандарының  көмегіне жүгінгендері де бар екен. Ал, биыл  жыл басынан бері 70 мыңға жуық арыз түскен. Орталыққа бір күннің өзінде 2 мыңнан 5 мыңға дейін қоңырау шалынып, тіркеледі.  

Қала тұрғындарының қоғамдық көлікке қатысты арыздары толастамай тұр. Сондай – ақ, сапалы жарық пен жолдың мәселесі де мегаполис халқын жиі мазалауда. Оның басым бөлігіне  сала мамандары жауап қайтарған. Дегенмен, кезегін күткен мәселе де жоқ емес.  

Ситуациялық орталыққа хабарласып көмек сұрайтындардың қатарында еңбек қатынастарын реттеп беруді сұранатындары  көп көрінеді. Сондай – ақ, психологтың жәрдеміне жүгініп, үй алу, жұмысқа тұру жолдары бойынша кеңес алатындары да бар екен. Өткен жылы дәл осындай шағыммен қоңырау шалған  3 мыңнан астам адамға кеңес берген орталық қызметкерлері, жағдайды бақылауда ұстайтындарын айтады.

109 орталығында  90 – нан астам қызмет түрі көрсетіледі. Бұл ретте, бірігіп жұмыс жасайтын мекемелердің  саны артқан. Ал, өз жұмысына жүрдім бардым қарап, салғырттық танытқан  азаматтарды аппарат отырысында ашық айтатынын жеткізген орталық басшысы алдағы уақытта қызметкерлер санын көбейтуді көздеп отыр екен.